Сенатор мал терісін өңдеу саласындағы тетіктерді қайта қарауды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат депутаты Зәкіржан Кузиев мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудегі негізгі проблеманы атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор мал терісін өңдеу саласындағы тетіктерді қайта қарауды ұсынды
Ашық көздерден алынған фото

Оның айтуынша, былтыр жүннің 33 мың тоннасы немесе 82 пайызы өңделмеген. Мал терісіне қатысты дәл осындай жағдай болған. Яғни 2022 жылы терінің тек 13,4% ғана өңделген. Жалпы, жүн мен терінің 80 пайыздан астамын жеке шаруашылықтар өндіреді.

«Өңделмеген осы шикізаттың басым бөлігі қоқысқа тасталады. Соны ауылдарда ит сүйреп жүреді немесе өртеледі. Мұның барлығы елді мекендердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға кері әсерін тигізіп, түрлі ауруларға әкеліп соғатыны жасырын емес. Дегенмен, отандық өңдеу секторында қалыптасқан осы жағдайды түзетіп, мал шаруашылығы шикізатының аталған екі түрінің әлемдік нарықта ең сұранысқа ие өнім болып қалуына мүмкіндік бар», - деді З. Кузиев Сенатта өткен Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, жүн мен тері өңдеумен айналысу фермерлер мен кәсіпорындар үшін тиімді болады.

«Сондықтан қой жүні мен терісін өндіру мен өңдеу саласындағы жұмыс пен мемлекеттік реттеудің әдістемесін қайта қарауды ұсынамыз», - деді сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елімізде тері мен жүн өңдеу саласындағы жаңа жобалар туралы айтып берді.