Сенатор негізгі азық-түлік бағасын ұстап тұруға қатысты ұсыныс айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресми статистика бойынша азық-түлік бағасы 20 пайызға өскенімен, тауарлар іс жүзінде 50 пайызға қымбаттады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Андрей Лукин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор негізгі азық-түлік бағасын ұстап тұруға қатысты ұсыныс айтты

Депутат бұл жағдай жауапты ведомстволар және әкімдіктер тиісті заңнамалық реттеу мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының саудасына әдіснамалық әсер етуді қамтамасыз етпейтіндігіне байланысты туындап отыр деп санайды.

«Сауда қызметін реттеу туралы» Заңдағы 9-баптың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстеме ақылардың 15% асып кетуіне жол бермеу туралы талаптары декларативті сипатта болады, оны іс жүзінде ешкім сақтамайды. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және ұрлау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көлемін тиісінше сақтамау, лайықты деңгейде жоспарламау фактілері, сондай-ақ әкімдіктер жұмысындағы кемшіліктер тұрақты заң бұзушылығына айналды», - деді депутат Премьер-Министр атына жолдаған сауалында.

Андрей Лукин бірде-бір уәкілетті орган осы саладағы заңнаманы ретке келтіру мәселесін қолға алмай отырғанын атап өтті. Сенатор осыған байланысты азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы жағдайды жақсарту тетіктерін ұсынды.

«Көлік шығыстарын субсидиялай отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорларына бірыңғай жеткізу үшін ірі отандық тауар өндірушілеріне ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырыстар қалыптастыру қажет. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының төмендетілмейтін қорын мемлекеттік материалдық резервке ұқсас белгілеу керек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішкі нарығын кез келген жағымсыз құбылыстардан қорғау тетіктерін әзірлеуді қолға алу керек», - деді Андрей Лукин.