Сенатор: Негізгі мақсат - бюджеттен бөлінетін трансферттердің көздеген нысанына жетуі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаржының тиісті өңірдегі өзекті мәселелерге жетуі үшін жергілікті атқарушы органдармен, министрліктермен бірлесіп жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы Сенат депутаты Серікбай Трұмов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының қазіргі арнайы тапсырмаларының бірі - өңірлерге бөлінетін қаражаттың теңгерімсіздігіне байланысты болды. Осыған сәйкес біздің комитетте арнайы жұмыс тобы құрылды, жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізіп, сараптама жасалуда. Басты мақсат - әрбір өңірдегі негізгі әрі ең өзекті деген мәселелерге қаржы жету керек. Сенат қабырғасындағы депутаттар да өңірден сайланған, әрбір аймақтың мән-жайын, жағдайын, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсы біледі. Сондықтан біздің жұмыс тобы өте жоғарғы деңгейде қазір қызмет етуде», - деді С. Трұмов.
Осы орайда ол әр өңірде жақын арада іске асырылуы тиіс міндеттер бар екенін атап өтті.
«Негізгі мақсатымыз - республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің көздеген нысанына жетуі болып отыр. Бұл - негізгі сипаттағы трансферт, одан кейін мақсатты трансферттердің өңірлерге бөлінетін көлемі де аса маңызды мәселе қатарында. Мысалы әр өңірдің әртүрлі мәселелері бар. Атырау өңірінде ауыз суға, экологияға және жолға қатысты мәселелер бар. Батыс Қазақстан облысында электр энергиясына қатысты мәселелер байқалады. Біздің оңтүстік өңірлерде халық санының өсуіне байланысты мектептердің құрылысына қажетті қаражат керектігі бар. Біз осы қаржының тиісті өңірдегі өзекті мәселелерге жетуі үшін жергілікті атқарушы органдармен, министрліктермен бірлесіп жұмыс тобы құрылды және олармен жұмыстарды атқарып жатырмыз», - деді депутат.