Сенатор омарташылардың қазіргі проблемаларын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Сенатор Закиржан Кузиев өзінің депутаттық сауалында қазақстандық омарташылардың проблемасын жария етті және ол саланың даму қарқынының бәсеңдеуі мен өнім сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкіндігін айтты.

закиржан кузиев
Фото: Сенат

Сенатордың айтуынша, еліміздегі омарташылардың әлеуеті зор болса да, қиындыққа тап болған. Импорттан баж салығынсыз келетін және сапасы тексерілмей шекарадан өтетін бал тұтынушылардың денсаулығы мен жергілікті өнім өндірушілерге қауіп төндіріп отыр. Ауру туғызатын араны заңсыз әкелу біздегі араның тұқымын жойып жіберетін кененің пайда болуына себеп болған. Сонымен қатар, күмәнді химиялық заттарды қолдану жағдайды нашарлатып келеді және мемлекеттік қолдау бағдарламасының болмауы саланы дамытуға мүмкіндік бермей жатыр.

Оның сөзіне қарағанда, 2023 жылы Қазақстан 4 мың тоннадан астам бал өнімін өндірді, бірақ экспорт тек 222 тоннаны ғана құрады, бұл жалпы көлемнің 5% құрады.

Бұден бөлек, Ресейдегі балдың сапасына қойылатын талаптардың күшейтілуі жағдайды ушықтыруы мүмкін. 1 қыркүйектен бастап Ресейде «бал» ұғымы белгіленді, ал 1 желтоқсаннан бастап тексерулер басталады. Зерттеулер бойынша Ресейдегі балдың 38 пайызы жалған екенін ескере отырып, сапасыз балдың Қазақстанға келу ықтималдығы арта түседі.

«Ара шаруашылығын қолдау жөнінде мемлекеттік бағдарлама қабылдауды сұраймыз, оған қаржыландыру, оқыту және ғылыми зерттеу шараларын да қосу керек. Бал импортына қатаң бақылау орнату, сертификаттауды міндеттеу және стандартқа сәйкес зертханалық зерттеулер енгізу керек. Ветеринарлық және санитарлық бақылауды да, зиянкестермен күресті де күшейту керек. Сондай-ақ, «бал» ұғымын бекіту және жалған өніммен күрес үшін «Бал ара шаруашылығы туралы» заңға түзетулер әзірлеу маңызды. Балды сәйкестендірудің ұлттық стандартын қабылдау, сондай-ақ нарықтың ашықтығын арттыру үшін өндірушіден тұтынушыға дейін балды жеткізуді бақылаудың электрондық жүйесін енгізу қажет», - деді Закиржан Кузиев Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.