Сенатор Омбы мен Түменнен СҚО-ға газ тартуды ұсынды
Сенат депутаты Әсем Рахметова Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында Ресейдің Омбы және Түмен облыстарынан солтүстік өңірлерге газ тартуды ұсынды, деп Kazinform.
«Табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары үшін өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Сенат депутаттарының өңірге сапары кезінде тұрғындар, бизнес қауымдастық өкілдері өзге мәселелерден бұрын газ мәселесін ерекше көтерді. Себебі бұл облыстардың халқы өмір сапасына қалай әсер ететінін Ресейдің Қостанайға шекаралас, ондаған жылдан бері газы бар Түмен, Омбы, Қорған облыстары тұрғындарының тұрмысынан көріп отыр. Өзгелер көгілдір отынның қызығын көріп жатқанда көрші отырып көмір тасыған ауыл тұрғынының тілегін жеткізіп отырмыз», - деді депутат.
Сондай-ақ ол елді газдандырудың 2023-30 жылдарға арналған бас кестесі бойынша солтүстік өңірлерді газдандыру 2026 жылы басталатынын еске салды.
«Энергетика министрлігінің Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарын газдандыру жөніндегі жұмысты бастау жоспары бойынша 2026 жылдан бастап, үшінші кезең аясында, бірақ Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралінің екінші желісі салынып біткеннен кейін басталады. Газды Астанадан Көкшетау қаласына, әрі қарай Петропавлға жеткізу көзделген. Солтүстік облыстарды газдандырудың балама жолдары бар. Олардың бірі – Ресей Федерациясындағы Түмен облысының Ишим қаласында қосылу нүктесі бар магистральді газ құбырын салу. Бұл Ишим қаласы Петропавл қаласынан 156 шақырымда жатыр. Бір кездері осы жобаның бүкіл экономикалық-техникалық сараптамалары мен алдын ала есебі жүргізілген болатын. Омбы қаласынан Петропавлға газ жеткізу нұсқасында да қарастыруға болады. Бірақ бұл жағдайда газ құбырының ұзындығы 286 шақырым болады деп есептелген», - деді ол.
Ведомство басшысы Ресейден газды Петропавлға жеткізу жобасы Сарыарқа магистральді газ құбырына қосылауға да мүмкіндік беретінін айтады.
«Сізден Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандырудың нақты мерзімін белгілеуді сұраймын. Ресейдің Ишим қаласында қосылу нүктесі бар магистральді газ құбырын салуды балама нұсқа ретінде қарастырылып отыр ма?» - деді Әсем Рахметова.