Сенатор «Педагогтар мәртебесі» бастамасын ұстаздардың қалай қабылдағанын айтып берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов «Педагогтар мәртебесі» туралы келешекте шығатын заңды ұстаздардың қалай қабылдағанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ең бастысы ғалым ретінде ерекше қуантатыны - Елбасының кешегі Жолдауында білім, ғылым, медицина саласына ЖІӨ-нің 10 пайызға дейінгі қаражаттың бөлінуі. Бұл көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Соңғы 10-15 жылда ғалымдар осы мәселені айтып келе жатыр. Қазір біздің ғылымның қаржыландырылуы - 0,13 пайыз ғана. Жақында ғана біздің Сенатта үлкен дөңгелек отырысы үстел өтіп, Қазақстанның барлық ғалымдар жиналған кезде де осы мәселе қызу талқыланған еді. Осыдан 2-3 күн бұрын БҒМ-да өткен форумда да осы жайт айтылды. Кешегі Елбасының ойып айтқаны - білім, ғылым деп тоқтап тұрып, әсіресе ғылымға ден қойғаны біздің ерекше қуантады. Ғылымға бөлінетін қаражатты арттырмай, экономиканы көтеру оңай болмас деген ойдамын», - деді Парламент Сенатының депутаты.
Бақытжан Жұмағұлов сонымен қатар қоғамдағы ұстаздардың орны туралы сөйледі.
«Кеше Елбасы үлкен залға «Неге біздің балаларымыз шетелге кетіп жатыр? Неге бізде сырқаттанған адамдар шетелде емделеді?» деп сұрақ қойды. Дегенмен, Мемлекет басшысы, Үкімет тарапынан жақсы мектептер салынып жатыр. Ішінде барлық жабдықтар, лаборториялар бар. Медицина саласында әлемде ешкімнен кем емес құрылғылар келіп жатыр. Ал қоғамда біздің педагог пен дәрігерлерге деген сенім жоқ. Әйтеуір, мұғалім дегенде көп адамдар біздің ұстаздар шетелдегілер секілді сабақ бере алмайды деген пікірде. Менің өзім талай елде болып жүрмін. Біздің ұстаздар ешкімнен кем емес. «Педагогтар мәртебесі» туралы заңды қабылдау керек деген кезде қуанғанымнан орнымнан тұрып кете жаздадым», - деді сенатор.
Бақытжан Жұмағұлов кешеден бері осы жаңалыққа байланысты өзіне көптеген білім саласының мамандары қуанып қоңырау соғып жатқанын жасырмады.
«Біздің педагогтарға қоғамда орын беріліп, жалақысын дұрыстап, өзінің қызметінен тыс жұмыстарға жұмсауға болмайтынына жақсы қуандық. Біздің ұстаздардың күні алда! Елбасының осы ұынысын біз үлкен қуанышпен қабылдап алдық», - деді сенатор.