Сенатор Р.Ахметов Жапония Елшісімен кездесті
Жүздесушілер мемлекетаралық өзара іс-қимылдың маңызды түрі болып табылатын Қазақстан-Жапония парламентаралық байланыстарын дамыту туралы пікір алмасты. Р.Ахметов атап өткендей, қазіргі кезде екіжақты парламентаралық үнқатысуды кеңейту үшін жақсы негіз жасалды. Қазақстан Парламентінің қос палатасында да Жапония Парламентімен ынтымақтастық топтары жұмыс істейді. Жапонияның жоғары заң шығару органында да Қазақстанмен Достық лигасы бар. Сенаттағы ынтымақтастық тобына жетекшілік ететін Р.Ахметовтің пікірінше, осы бірлестіктердің әлеуетін мейлінше толық көлемде пайдалану қажет.
Кездесуде сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстарды қалыптастыру жолдары, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне жапон компанияларының қатысуы және мәдени-гуманитарлық алмасуларды нығайту жөнінде сөз болды.
Кездесуге Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Бірғаным Әйтімова қатысып, Семей ядролық полигон аумағын сауықтыруға халықаралық жәрдем, сондай-ақ аэроғарыш саласындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы мәселелерді көтерді.