Сенатор С.Жалмағамбетова Атбасар тұрғындарын су басқан аймақтан көшіруді ұсынды
Ал сенатордың айтуынша, Атбасардағы 40-тан астам үй қалпына келтіруге жарамсыз. Бұдан бөлек, су астында қалған үйлердің біраз бөлігі әлі тексерілмеген. «Су тасқынының салдарын жою - кең ауқымды шара. Бұл бағытта бұзылған, жарамсыз және апатты жағдайдағы үйлердің орнына жаңа баспаналар салу, жолдарды жөндеу, мектептер салу, жапа шеккендерге жәрдемақы беру шаралары қамтылуы тиіс. Су басқан үйлердің бәрі бірдей тексеріліп шықпағанына қарамастан, қазірдің өзінде 200-ден астам пәтер салу қажеттілігі айқын болып отыр. Сонымен бірге, су басудан қорғайтын бөгеттер салуды да қатар шешуге тиіспіз», - деді С.Жалмағамбетова. Депутаттың сөзіне қарағанда, алдын ала бағалаулар бойынша қажетті жұмыстарға кететін шығын 2,4 млрд. теңгені құрайды. Оның үстіне мамандар Атбасар ауданының ұдайы су басу қаупіндегі аймақтардан тұрғындарды көшірудің қажеттілігін көтерген. «Осыған орай, Үкіметтен табиғи апаттың салдарынан орын алған проблемаларды толығымен шешуді, оны жою бойынша қажетті қаражаттарды толық бөлуді сұраймыз», - деді депутат. Сонымен қатар, сенатор өз әріптестерін Атбасардағы жағдайға орай бір күндік жалақыларын жапа шеккендерді қолдау қорына аударуға шақырды.