Сенатор сапасыз дәрі-дәрмектің импортына тосқауыл қою ұсынысын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Ақмарал Әлназарова сапасыз дәрілік заттардың импортына тосқауыл қоюға қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Депутаттың айтуынша, Өзбекстанда сапасыз дәрі-дәрмек салдарынан 19 баланың қайтыс болуына алып келген қайғылы жағдай елімізге әкелінетін препараттарды мұқият қадағалау қажет екенін дәлелдеп отыр.

«Мұндай тәжірибе ресми түрде әкелінетін әрі тіркелген препараттарды жеткізушілерді де елеулі қатерге ұшыратып отыр. Бұл жалпы отандық фармацевтика саласының инвестициялық тартымдылығына нұқсан келтіреді. Мұндай қос стандарттар адал өндірушілердің сапалы препараттарын нарықтан ығыстырып шығаруына әкеліп соғады», - деді сенатор Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында.

Ақмарал Әлназарова Қазақстанда тіркелмеген дәрі-дәрмектерді әкелуге бірнеше рет бір реттік рұқсат беру осындай қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Қазіргі уақытта нарықта отандық және шетелдік өндірушілердің тіркелген өнімдері болса да, бір реттік импорт кеңінен қолданылып келеді.
«Адамдар сапалы, қауіпсіз және тиімді препараттар алуына жағдай жасау және ішкі нарықты толық қамтамасыз ету мақсатында дәрілік заттар айналымын реттеу жүйесінің тәсілдерін қайта қарау керек. Фармацевтикалық өнімнің жаңа түрлеріне жедел алдыртып, дәрілік заттардың бағасын реттеудің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында тіркеу рәсімдерін оңтайландыру қажет», - деді Ақмарал Әлназарова.

Соңғы жаңалықтар