Сенатор «SCAT» әуе компаниясының лицензиясын қайтарып алу туралы мәселе көтерді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Жабал Ерғалиев «SCAT» әуе компаниясының жұмысын уақытша тоқтатып, лицензиясын уақытша қайтарып алу туралы мәселе көтерді.
«2013 жылдың 29 қаңтарында Көкшетаудан ұшып шыққан «SCAT» әуе компаниясының ұшағы Алматы түбінде апатқа ұшыраған болатын. Онда 27 адам қаза болды. Алайда «SCAT» әуе компаниясымен ұшудың әлі де болса адам өміріне қауіпті екендігіне соңғы жағдайлар тағы да көз жеткізе бастады», - деді депутат.
Бұл ретте сенатор 1 сәуірде «SCAT» әуе компаниясына қарасты Бангкок-Астана және 7 сәуірде Шымкент-Астана бағытымен ұшып келген ұшақтары апатты жағдайда Астана әуежайына қонғанын алға тартты. Онда ұшақтың қонуы барысында жылдамдық тежегіші істен шығып, адам өміріне тағы да қауіп төндірген болатын. «Жалпы, «SCAT» әуе компаниясына қазақстандық әуе жолаушылардың тағдыры мен өмірін жиі-жиі, тіпті аптасына бір рет «сынап тұруларырына» жол бермеу қажеттігін ойлайтын кез келді. Оның үстіне алда жаз айлары келе жатыр, көптеген отандастарымыз алыс-жақын шетелдерге демалуға асығады. «Бетін аулақ қылсын» дей отырып, әуе жолаушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, авиа-апаттардың алдын алып, адам қасіретіне жол бермеу керек. Бұл үшін «SCAT» әуе компаниясының ұшуға жарамдылығын, ұшқыштарының кәсібилігін қатаң бақылауға алуды, тіпті қажет болса шетелдік маман-сарапшыларды шақыртып толыққанды тексеру жүргізу керек» - деді Ж. Ерғалиев. «Бәрінен адам өмірі қымбат. Сондықтан да, қажет боса «SCAT» әуе компаниясы ұшақтарының техникалық жағдайларын толық анықтап болғанша, олардың жұмысын уақытша тоқтатып, лицензиясын да уақытша қайтарып алу керек», - деді ол.