Сенатор Серік Ақылбай құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтуге шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында жұмыс бабындағы сапармен жүрген Парламент Сенатының депутаты Серік Ақылбай 5 қаңтарда облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековпен аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму келешегін талқылады.
Сондай-ақ депутат Қарағанды облыстық прокуратурасында мекеменің жеке құрамымен кездесті. С. Ақылбай заң жобаларының Парламентте қарау нәтижелері туралы хабардар етті. 2016 жылы Сенат депутаттары 106 заң қарап, қабылдады. Кезінде жұртшылық арасында кеңінен талқыланған Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге де назар аударылды.
С. Ақылбай прокуратура органдары заңнамаға экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша енгізілген өзгерістердегі азаматтардың тұрғылықты жері өзгерген жағдайда уақытша тіркелу мәселелерін түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
Сенатор сонымен қатар Балқаш қаласына барып, «Сары Қазына» мекемесінде, № 1 емханада және «Пульс» нан комбинатында болды.
6 қаңтарда С. Ақылбай Приозерск қаласындағы әлеуметтік және өндіріс нысандарында болды. Онда «Достық» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығының, «Балақай» балалар бақшасының және «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған жергілікті су қоймасының еңбек ұжымдарымен кездесті. Сондай-ақ депутат «Нұр Отан» партиясының қалалық бөлімшесінде де болды.
Сондай-ақ Қарағанды облысында жүрген сенатор С. Ершов Қарқаралы ауданында жұмыс бабындағы сапармен болды. Қаршығалы ауылдық округінде депутат жергілікті шаруа қожалықтарының жетекшілері және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерімен кездесті. Жүздесу барысында Парламент Сенатында қаралып жатқан «Жайылымдар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының ережелері талқыланды. Жергілікті тұрғындар жеке үй-жайды ұстау мақсатындағы жайылым жерлерді, сондай-ақ жайылымдарды тиімді пайдаланудың өзекті мәселелерін заңнамалық тұрғыда реттеуге баса назар аударып отыр.
Шаруа қожалықтарының жетекшілері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер аграрлық және ветеринария салаларын реттеуге байланысты бірқатар мәселелерді көтерді.
Аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу барысында С. Ершов «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын заңнамалық тұрғыда іске асыру жөніндегі Парламенттің заң шығару жұмыстары, сондай-ақ экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл, қарсы барлау қызметі, пробация, дактилоскопиялық және геномдық тіркеу мәселелері бойынша қабылданған заңдар туралы айтып берді.
Депутат сонымен қатар Қарқаралы қаласындағы бюджет ұйымдарының қызметімен танысты.