Сенатор Серік Өтешов Қарағанды облысында ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды облысының Осакаров ауданында ауыл еңбеккерлері, жергілікті қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері және ардагерлер кеңесінің ақсақалдарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге қатысушылар ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға, маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысты бірқатар өзекті мәселені талқылады.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы еліміздің дамуының басты драйверінің бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Біз ол туралы әр сессияда, әрбір парламенттік тыңдау кезінде айтып келеміз. Қазіргі уақытта мемлекетіміз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау жөнінде нақты шаралар қабылдады. Дегенмен, қолға алатын көптеген мәселелер әлі де бар. Менің ойымша, оларды бірлесе шешу аса маңызды екені даусыз. Сапарымның басты мақсаты – Сенат депутаттары заңнамалық деңгейде қандай көмек бере алатынын білу, мемлекеттік бағдарламаларды орындауда қандай жағдай орын алып жатқанын көру», - деп атап өтті Серік Өтешов.
Сенатор балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» орталығында және «Жас инженер» студиясында болды. Жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектепте тамақтандыру, сондай-ақ балаларды білім беру мекемелеріне тасымалдау мәселелерін де талқылады.
Серік Өтешов Теміртау қалалық мәслихатының депутаттарымен және қоғамдық кеңестің мүшелерімен кездесті. Парламентшілердің қызметі облыстық және аудандық мәслихаттардағы әріптестерімен тығыз қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатынын атап өтті. Сенатта құрылған «Өңір» депутаттық тобы Қазақстан өңірлерін дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеумен айналысатыны туралы жан-жақты ақпарат айтылды.