Сенатор шекарашылардың жұмысына тиісті жағдай жасауды сұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында депутат Жанболат Жөргенбаев шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор шекарашылардың жұмысына тиісті жағдай жасауды сұрады

Депутаттың сөзіне қарағанда, 251 шекара бөлімшесінің тек 106-сы типтік кешенде, ал 145-і су, газ және электр қуатына қатысты проблемалары бар бейімделген ғимараттарда орналасқан. Осы орайда шекара қызметінде жүргізіліп жатқан реформалар мен әскери қызмет өткерудің жағдайын жақсарту бойынша атқарылған жұмыстарға қарамастан, бұл проблемалар шекарашылардың моральдық-психологиялық жағдайына әсер етіп отыр.

Осы мәселелерді шешу үшін 2020 жылы тиісті Жол картасы құрылып, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжат жасалды. Алайда бұл мәселелер әлі шешімін тапқан жоқ. Сенатор бұл тұрғыда еліміздің шекарасын қорғауға үлес қосып жүрген шекарашылардың жағдайын жақсартуды сұрады.

«Мемлекеттік шекара қызметтерінің материалдық-техникалық базасы мен әлеуметтік нысандарын арнайы Үкіметтік комиссия аясында тексеруді, «Жол картасына» енгізілген шекара басқармасының ғимараттары мен нысандарына қатысты жергілікті атқарушы органдардың жұмысын қайта қарауды және шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын тиісті бағдарламалық құжаттар аясында жақсарту жұмыстарын жеделдетіп іске асыруды қамтамасыз етуді ұсынамын», - деді Жанболат Жөргенбаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы шекаралық өкілдердің қызмет учаскелері туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.