Сенатор Сұлтан Дүйсембинов: Еңбек даулары бойынша шешімдер әділ әрі дұрыс қабылдануы тиіс

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек даулары бойынша шешімдер әділ әрі дұрыс қабылдануы тиіс. мұндай пікірді Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенатор Сұлтан Дүйсембинов: Еңбек даулары бойынша шешімдер әділ әрі дұрыс қабылдануы тиіс

Еліміздің егемендігі мен тұтастығына қатер төндірген «Қаңтар оқиғасы» еліміз үшін үлкен сынақ болды. Осынау қиын кезеңде Мемлекет басшысы бар жауапкершілікті өз мойнына алып, еліміз, халқымыз үшін аса маңызды шешімдер қабылдады. Президентіміз нақты тапсырмалар беріп, Қазақстанның ендігі даму бағытын анықтап берді.

Біздің ендігі мақсатымыз - алдағы уақытта біз мұндай жағдайдың орын алуына ешқашан жол бермеуіміз қажет. Ол үшін әрбір қадамымызды парасаттылықпен, ақылға салып, сабырмен сараптап жасауымыз керек.

Ең бастысы - ауызбіршілігімізді сары алтындай сақтай алсақ, қандай сынақ болса да қайыспай біртұтас ел болып еңсере аламыз.

Үстіміздегі жылдың 8 ақпаны күні Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміз үшін өте маңызды бірнеше мәселелерді атап көрсетті.

Солардың кейбіріне тоқталып өтсем.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында Президентімізбен жыл басынан Үкіметке 108 тапсырма берілген, олардың бүгінгі таңда 44-і орындалғанын Үкімет басшысы атап өтті.

Утилизациялық алым мөлшеріне қатысты тұрғындар арасында шағымдар көптеп түседі, іс жүзінде ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне қосымша салыққа айналғаны, ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге қосымша қаржы жүктемесі екендігі Сенат қабырғасында айтылып та келеді. Утилизациялық алым мөлшерін төмендету мәселесін қарастыруда ең бастысы – тұтынушылар үшін автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру екендігін айтты. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы техникасы базасының жаңаруына өзінің оң септігін тигізеді деп ойлаймын.

Бір адамның қанша жерге иелік ете алатынын нормативпен бекітуді тапсыруы - экономикадағы инвестицияның үлесін арттыратыны, ауылшаруашылығы саласының одан әрі дамуына оң әсерін беретіні сөзсіз.

Цифрлық майнингтің рөліне қатысты да әлеуметтік-экономикалық тиімділігі мардымсыз екенін, жаппай жұмыс орындары ашылып жатпағанын, шығарып жатқан материалдық өнімі де жоқ екендігін, оған қоса бұл сала бірнеше облыстың тұтынатын энергиясын тұтынатынын да атап өтті. Оларға қатысты тарифтер мен салық салу мәселесін қарастыруды да тапсырды.

Маңғыстау облысындағы ахуал да Президенттің назарынан тыс қалмады. Өңірді дамытуға қатысты кешенді жоспар қабылданып, қомақты қаржы да бөлінуде. Осы жағдайда кәсіподақтың жұмысын жетілдіруге қатысты шаралар да қабылдануы тиіс деп есептеймін. Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін жарғылық тапсырмаларға сүйене отырып ұсынатын және қорғайтын қоғамдық бірлестік ретіндегі кәсіподақтардың рөлін күшейту – заман талабы болып отыр, бір сөзбен айтқанда жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы алтын көпірге айналуы тиіс. Қазіргі жағдайда еңбек дауларын уақытылы және объективті шешу ерекше маңызға ие. Алдағы уақытта еңбек дауларын қараудың тетіктерін одан әрі оңтайландыруға, еңбек дауларын қарау мен шешу механизмдерінің тиімді жүйесін құруға, еңбек даулары бойынша шешімдердің әділ әрі дұрыс қабылдануына жұмыс жасауымыз керек.

Кәсіпкерлік бастаманың жолын кесіп, тежейтін әкімдерді сынға алып, жаңа жұмыс орнын ашу, инвестиция тарту міндеттерін жүктеуді тапсырды және бұл өз кезегінде аймақтарды дамытуға тың серпін беріледі деп ойлаймын.

«Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл - соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш» - деп атап көрсету арқылы орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемінің өсімі туралы қағаз жүзіндегі есептің жолын кесіп тастады. Соңғы 5 жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек кірісінің үлесі 80 пайыздан 67 пайызға дейін қысқаруы, әлеуметтік трансферттердің 17-ден 29 пайызға дейін ұлғаюы, қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдардың көбейіп кетуі халық арасында түрлі дүмпулерге әкеп отыр. Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама тұрғындардың кірісін көбейту, орынсыз шығынын азайту арқылы теңсіздікті азайту жаңалығымен ерекшеленетін болады.