Сенатор Төлеген Мұхамеджанов елімізде қайырымдылық мерекесі болғанын қалайды

Сенатордың айтуынша, 1997 жылы рухани келісім күніне арналып, үлкен қайрымдылық акциясы ұйымдастырылды. «Біз осы күні дастархан басында еліміз бойынша 60 мың адамды жинадық. Осы
күні әрбір дастархан басында еліміздің дәстүрлі, жетекші діндерінің өкілдері дұға қылды. Сондай-ақ осы мерекелік дастарханда тұрмысы орташа және бақуатты тұратын азаматтар, саясаткерлер мен зейнеткерлер, жетімдер мен жесірлер де бас қосты. Яғни, бұл дастархан біздің қоғамымызды біріктіретін бір үлкен шара болды. Біз осы шара арқылы өзіміздің бір мемлекеттің, бір елдің азаматтары екенімізді көрсеттік»,-деді Т.Мұхамеджанов.
Оның сөзіне қарағанда, содан бері қайырымдылық шарасы елімізде бірнеше мәрте ұйымдастырылған. Тіпті жыл сайын ұйымдастырылып тұрды деуге болады. «Бірақ біз кейін ұйымдастырған шаралардың барлығы 1997 жылғыдай кең ауқымда өткен жоқ. Яғни, игі шара жалғасын тауып кете алмады. Ал біз осындай игілік қоғам өкілдері тарапынан кең қолдау тауып, дәстүрге айналса деген ниеттеміз. Сондықтан біз биыл осы бастаманы кеңірек насихаттап, оның елімізде өріс алып кетуіне күш салып отырмыз. Бүгінде АҚШ-та «Ризашылық күні» атты мереке бар. Мен осы мерекені өзі көзіммен көріп қайтқаным бар. Бұл мерекенің әрбір американдық үшін орны бөлек. Олар осы күні XVIII ғасырда АҚШ-тан жер ауып келген азаматтарға қамқоршы болған үндістерге тағзым етеді. Осы мереке бүгінде американ халқын біріктіріп отырған күш сияқты. Бұл мерекені американдықтар Рождестводан да артық күтеді. Мен Қазақстан азаматы ретінде біздің де елімізде осындай мейрімділікке, имандылыққа жетелейтін мереке болса деген ойдамын»,-дейді сенатор.
Оның сөзінше, қайрымдылық дастарханы елімізде 18 қазанда Рухани келісім күніне арналған шаралар аясында да ұйымдастырылады деп күтілуде.