Сенатор Үкіметті кәсіпорындардағы санитарлық-қорғау аймағын белгілеу мәселесін шешуге шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің әр аймағындағы өндірістерде санитарлық-қорғау аймағын белгілеуге байланысты проблемалық мәселе бар және әлі күнге дейін өз шешімін таппай келеді. Сенатор Сұлтан Дүйсембинов Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтерді.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда санитарлық-қорғау аймақтарының талаптарын сақтамай отырған 160-тан астам өндіріс нысаны жұмыс істейді.
«Тәуелсіздік алғалы бері кеңес заманы кезінен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың айналасында санитарлық аймақтарында құрылыс нысандары салынып жатыр. Оған темір жолдар мен әуежайлардың айналасын айтсақ та болады. Мысалы, 2019 жылдың 27 желтоқсанында болған авиациялық апат. Әуе кемесі жоспарланған ішкі рейсті орындау барысында әуеге көтерілген кезде биіктігін жоғалтып, санитарлық-қорғау аймағына заңсыз салынған жеке меншіктегі тұрғын үйге соғылған. Санитариялық-қорғаныш аймақтарының ережелерін Денсаулық сақтау министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі екеуі де әзірлейді. Бір-біріне ұқсас келеді. Бұл ережелерді бірегейлендіруді қарастыру қажет», - деді депутат.
Сенатор Мемлекет басшысы терең қайта өңдеу өнімдерін өндіруге көшу арқылы қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу туралы міндет қойғанын атап өте келіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу деңгейінің төмендігіне Үкімет басшысының назарын аударды.
«Жоғарыда аталған мәселелер шешілмеген жағдайда, республика бойынша бірқатар зауыт пен өндіріс нысандарының жабылуы мен жұмыстарының тоқталуына алып келуі мүмкін. Осыған байланысты, баяндалғандардың негізінде мәселенің өзектілігін ескере отырып және осындай тәуекелдердің туындауын болдырмау үшін өндіріс объектілері қызметінің санитарлық-қорғау аймағын белгілеу мәселесіне аса мән беру керек», - деді сенатор Дүйсембинов.