Сенатор ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге қаражат бөлуді сұрады
Үкімет сенаторлардың ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған ұсынымдарын елемей келеді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Депутат ұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде Сенатта айтарлықтай жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осы мақсатта Сенатта кейінгі екі жылда 2 парламенттік тыңдау, 3 дөңгелек үстел, 3 кездесу, 3 комитеттің кеңейтілген отырысы өткізілді. Сонымен қатар, дәстүрлі мәдениетке, төл тарихымызға, отбасы институтын нығайтуға, бұқаралық ақпарат құралдарындағы идеологиялық ағартушылықты күшейтуге қатысты 10 депутаттық сауал жолданды.
«Алайда, Үкімет Сенаттың ұсынымдарына тек бірыңғай сырғытпа жауап беріп келеді. Берілген ұсынымдар ескеріле бермейді. Сонда біз бұл мәселелерді қашанғы сөз ете береміз? Мәселен, «Интернет желілерде және еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық руханиятқа жат, теріс құндылықтарды дәріптейтін ақпараттарға тұрақты түрде талдамалық шолу жасап, Ұлттық баяндама әзірлеу және оны мемлекеттік басқару институттарына жолдау» жөніндегі ұсыным назардан мүлдем тыс қалды», - деді Н. Жүсіп Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Депутат жақында Сенатта «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өткенін, онда да осы мәселелер жан-жақты талқыланғанын еске салды.
Оның пайымынша, «Қазақстан халқына» қоры мен мемлекетке қайтарылатын активтерден түскен қаржы әлеуметтік жобаларды ғана емес, ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған жобаларды да қаржыландыруы тиіс.
Депутат сөзінің соңында Сенаттың жоғарыда көрсетілген ұсынымдарының іске асуын жан-жақты талдау үшін Үкімет басшысынан Палатаның отырысына жауапты вице-премьерді жіберуді сұрады.