Сенатор Ж. Төрегелдинов көлікті мас күйінде басқарғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды
«Соңғы уақытта жол-көлік оқиғасы елімізде жиілеп кетті. Мәселен, бір ғана Алматы қаласының өзінде қазан айында жол-көлік оқиғасы салдарынан 30 адам көз жұмған. Осыған орай, біз Үкімет басшысынан жол-көлік оқиғаларына қатысты жауапкершілікті айтарлықтай қатаңдатуды сұраймыз», - деді Ж. Төрегелдинов.
Атап айтқанда, сенатор көлікке мас күйінде отырып, басқаруға қатысты жазаны қылмыстық жауапкершілікке дейін көтеруді, белгіленген жылдамдықтың арттырылуына қатысты көлікті жүргізу құқығынан 2-5 жылға дейін айыруды қарастыру мәселерін сұрайды.
«Осы екі мәселе жолдағы өлімдерге басты себеп болып отыр. Ал қолданыстағы нормаларға келсек, олар 5-тен 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл санкцияларын ғана қарастырады. Бұл жүргізушілерге көп жағдайда еш әсер бермейді», - дейді сенатор.
Сонымен қатар, депутат ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талап етуіне қарамай, көлік жүргізуді тоқтатпағандар үшін жазаны қатайтуды сұрайды. «Ал қарсы бағыттағы жолға шыққаны үшін жүргізуші куәлігінен 12 айға айыру, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне қарамай, одан өтуге қатысты айыппұлдарды 5 есеге арттыру қажет. Бұндай өрескел бұзушылықтар жыл ішінде қайта қайталанса, онда жүргізуші құқынан 12 айға дейін айыру ұсынылады. Ал жол жүргізу куәлігі болмай, оны басқарғандар 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынсын», - деді депутат Ж. Төрегелдинов.