Сенатор жолаушылар тасымалында жауапкершілікті күшейтуді сұрады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының депутаты елордадағы автобус апатына байланысты жолаушылар тасымалы саласында жауапкершілікті күшейтуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жолаушылар тасымалы көптеген адамдарға қатысты болатынын және қауіпсіздікті талап ететінін ескере отырып, техникалық әрі медициналық тексеруді жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің қызметіне бақылауды және жауапкершілікті күшейту мәселесін қарау қажет деп есептеймін», - деді сенатор Георгий Ким Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында.
Осы орайда ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жолаушылар қозғалысының қауіпсіздігі үшін көліктер техникалық байқаудан өтіп, жүргізуші медициналық тұрғыда тексерілетінін еске салды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығына сәйкес, операторлардың тізіліміне енгізілген заңды тұлғалар немесе жеке кәсіпкерлер көлікті техникалық байқаудан өткізуге жауап береді. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, дәрігерлік тексерулерге заңды тұлғалар немесе жеке кәсіпкерлер жалдаған медицина қызметкерлері жауапты болады.
Естеріңізге сала кетейік, 26 наурыз күні Ұлы Дала мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында үш автобустың және жеңіл көліктің қақтығысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Қаламаңы бағдарындағы № 301 автобус № 12 бағдардағы жолаушылар автобусымен соқтығысты. Осының екпінімен олар № 53 автобусқа және жедел жәрдем көлігіне барып соғылды.
Көлік апаты салдарынан екі адам көз жұмып, 36 адам зардап шекті.