Сенаторлар адам саудасы мен терроризмді қаржыландыруға қарсы заңдарды қарайды

Сенаторлар
Фото: Н.Байбулин

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата бюросының отырысын өткізді. Онда депутаттар 27 маусым күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.

Сенаторлар алдағы бейсенбіде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» негізгі заңды, сондай-ақ, оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарайды. Аталған заңдардың нормалары адам саудасына байланысты қылмыстардың жаңа санатын енгізуді және адамдарды жыныстық сипаттағы қызметтер көрсетуге, оның ішінде кәмелетке толмаған адамдарды тартқаны, сондай-ақ, жеңгетайлықпен айналысқаны үшін жауапкершілікті арттыруды көздейді. 

Сонымен қатар медициналық ұйымдардың және бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың лауазымды тұлғалары жаңа туған нәрестені тастап кету, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың келіп түсуі мен жеткізілуі туралы деректерді хабарламағаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізу қарастырылып отыр. Вандализмнің әрекетіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл жөнінде де түзетулер енгізіледі.

Электромобильдерге қатысты мәселелерге арналған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да Палатаның алдағы отырысында қаралады. Ал, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда электромобильдерді ұйымдастыру және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік шаралары анықталады. Оның ішінде электроқуаттау стансаларын пайдалану ережелері де бар.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау мен статистика, халықты қорғау жүйесін жетілдіру, деректерді басқару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды. Аталған заң аясында 5 Кодекске және 36 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Бұл ретте Әлеуметтік кодекске халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін және оның құзыреттерін бекіту бөлігінде түзетулер енгізілмек.

Депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтар-дың жекелеген түрлерін қылмыстық сипаттан арылту және ҚР заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың маңызды міндеті шағын және орта бизнесті қолдау және кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауға негізсіз тартуға қарсы әрекет ету екенін атап өткен жөн. Бұл заңдардың нормаларына сәйкес салық қылмыстары саласындағы істерді тіркеу үшін бірқатар ерекшелік қарастырылған.

Мемлекет басшысының халық арасында ойынға тәуелділікпен күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға бастамашы болды. Заң нормаларына сәйкес құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға шектелген адамдардың тізімін анықтау, ондай азаматтарды медициналық оңалту тәртібін белгілеу сияқты бірқатар нақты шара ұсынылып отыр. Бұған ілеспе «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң ойын бизнесі саласын реттеудің нормативтік негізін жандандыруға жол ашады. 

Сондай-ақ «Жылу энергетикасы туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы, электр энергетикасы және реттеліп көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар да Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды. Жаңа нормалардың қатарында жылу энергетикасы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, бүкіл салаға мониторинг жүргізу, тариф белгілеу қағидаттарын айқындау және энергия тиімділігін арттыру сияқты басымдықтар бар. Одан бөлек, орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне экономикалық және техникалық орындылық жағдайында жаңартылатын энергия көздерін енгізуді дамытуға ынталандыру сияқты міндеттер де қарастырылған.

Алдағы бейсенбіде қаралатын келесі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңның нормалары мемлекеттік қолдау көрсету арқылы жылқылардың отандық тұқымын сақтауға және олардың асыл тұқымдық қасиеттерін жақсартуға бағытталған.

Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер енгізу туралы» заңдар да қаралады. Олар саланы жетілдіру мәселелерін қамтиды. 

Сонымен бірге бірқатар халықаралық келісімді ратификациялау туралы мәселелер де Палата отырысының күн тәртібіне шығарылды. Олар – «Қазақстан Республикасының мен Сингапур Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының арасындағы цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференция-сын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар. 

Сондай-ақ Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты Комитеттерге бөлініп берілді.

Соңғы жаңалықтар