Сенаторлар алдағы палата отырысының күн тәртібін бекітті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда 10 ақпанда өтетін Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенаторлар алдағы палата отырысының күн тәртібін бекітті

Соған сәйкес алдағы отырыста Сенат депутаты Ләззат Қалтаеваның ант беруі және оны Сенаттың тұрақты комитетінің құрамына сайлау туралы мәселелер қаралады.

Сонымен қатар Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды. Бұл құжат аталған екі ел үкіметтерінің автоматты ақпарат алмасу үшін тиімді инфрақұрылымды пайдалана отырып, салық салу мәселелерінде өзара жәрдемдесуі арқылы халықаралық салық тәртібін жетілдіруді көздейді.

Сондай-ақ бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заң жобалары жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.