Сенаторлар әріптесі Иран Әміровті бір минут үнсіздікпен еске алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата Спикері Қасым-Жомарт Тоқаев депутат Иран Әміровтің мезгілсіз қайтыс болғанына көңіл айтып, әріптестері сенаторды бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Әріптесіміз Сенат депутаты Әміров Иран Әмірұлы мезгілсіз қайтыс болды. Иран Әмірұлы кәсіби заңгер, сенатор ретінде біздің ұжымымызда белсенді, тиімді жұмыс істеді. Сенаттың ғана емес, жалпы Парламенттің қызметіне елеулі үлес қосты. Ол мемлекеттік қызметке әбден берілген еді. Иран Әмірұлының есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады», - деген спикер Қасым-Жомарт Тоқаев сенатор Әміров Иран Әмірұлын минуттық үнсіздікпен еске алуды ұсынды.
Еске сала кетейік, Иран Әміров 1944 жылы 15 қыркүйекте Қызылорда облысы Жалағаш ауданында Қаракеткен стансасында туған. Ұзақ жылдар бойы еліміздің сот саласында қызмет етті. 2004 жылдан бері - ҚР Парламенті Сенатының депутаты болған еді.