Сенаторлар «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасымен танысты

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің айтуынша, жаңа құжат бұған дейінгі екі мемелкеттік бағдарламаның қисынды жалғасы болып табылады. Атап айтқанда, 2005-2009 жылдарға арналған бағдарлама негізінен денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуды, кадрлар біліктілігін арттыруды қарастырса, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында денсаулық сақтау жүйесі қызметінің нарықтық тетіктер негізі қаланды.
Министрдің сөзіне қарағанда, бұған дейінгі кезеңдерде денсаулық сақтау саласында біршама жетістіктерге қол жетті. Атап айтқанда, халықтың өмір сүру ұзақтығы 71,62 жасқа жетсе, халықтың жалпы өлім-жітім көрсеткіші 15,3 пайызға төмендеген. Бұдан бөлек, туу көрсеткіші 2,6 пайызға өссе, сәби өлімінің көрсеткіші 1,7 есеге төмендеген, ал ана өлімі 1,9 есеге азайған.
«Ал жаңа «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша азаматтар денсаулығын сақтауға қатысты мемлекеттің, жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы ынтымақты жауапкершілік қағидаты енгізіледі. Мұндай принцп Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басым бөлігінде қамтылған. Сондықтан да, біз жаңа бағдарлама аясында Елбасының тапсырмасына сәйкес, аталған елдердің стандарттарын сатылап енгізетін боламыз», - деді министр Т. Дүйсенова.
Оның айтуынша, жаңа бағдарлама бойынша алдағы 4 жыл ішінде денсаулық сақтау саласында бірқатар стратегиялық мақсаттар белгіленіп отыр. Атап айтқанда, 2020 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау саласындағы басқару мен қаржыландыру жүйесін жетілдіру межеленіп отыр.