Сенаторлар екінші сессияда 200-ге жуық депутаттық сауал жолдады
АСТАНА. KAZINFORM – Сенаторлар екінші сессия кезінде 200-ге жуық депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.
«Сессия барысында басқа бағыттар бойынша да ауқымды жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия белсенді жұмыс істеп келеді. Депутаттық корпус жергілікті өкілді және атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс атқаруда. Осы ретте Президент тапсырмасымен құрылған «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының ұлттық бірлікті нығайтуға арналған қызметін де атап өткен жөн. Сенат жанынан арнайы құрылған Инклюзия жөніндегі кеңес мүмкіндігі шектеулі азаматтарды медициналық, еңбек және әлеуметтік оңалтуға баса мән беріп отыр», - деді Сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаев Сенаттың Жобалық кеңсесі, Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес, «Өңір» депутаттық тобы да жоспарлы жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты.
«Сенатта азаматтық қорғауды жетілдіру және экономиканың өңдеуші секторын дамыту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдаулар өткізілді. Бұдан бөлек, тұрақты комитеттер өткізген 4 үкімет сағаты, 50-ге жуық көшпелі отырыс, 100-ден аса дөңгелек үстел мен кездесулер бар. Соның аясында Президент тапсырмаларының, заңдардың және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Осы іс-шараларда қабылданған ұсынымдар Үкіметке және жауапты мемлекеттік органдарға жіберілді. Оның бәрі Сенаттың бақылауында болады. Осы сессияда әріптестеріміз 200-ге жуық депутаттық сауал жолдап, өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды», - деді ол.
Палата спикері 28 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырыс өтетінін еске салды.
«Онда екінші сессияның жұмысына қорытынды жасалады. Жаңа сессияға дейін өңірлерге барып, жұртшылықпен кездесеміз. Жергілікті жердегі проблемаларды зерделеп, халықты алаңдататын мәселелер мен олардың ұсыныстарына мән береміз. Оның барлығы алдағы депутаттық қызметімізге негіз болады», - деді Мәулен Әшімбаев.