16:16, 04 Маусым 2009 | GMT +5
Сенаторлар экологиялық жағынан қауіпті технологияларды елімізге әкелуге тыйым салатын құжатты қабылдады
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Парламент Сенатының депутаттары жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыста аталмыш заң жобасы бойынша баяндаманы сенатор Ерболат Мұқаев жасады. Оның айтуынша, заң жобасы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы негізінде әзірленген. Ол еліміздегі табиғи ресурстарды орынды пайдалану, қоршаған ортаның ластануының алдын алу, елімізге ескірген және лас технологияларды ретсіз әкелу, жаңартылатын ресурстарды тиімсіз пайдалану проблемаларын шешу үшін тиімді заңнама қалыптастыру үшін қажет болды. «Құжатта Экологиялық кодекске мерзімі өткен, экологиялық тұрғыдан алғанда қауіпті техникалар мен жабдықтарды алып келуді реттеу, мемлекеттік экологиялық талаптардың нәтижелері бойынша бірнеше рет қауіпті деп табылған технологиялардың жекелеген түрлерін әкелуге тыйым салу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады», деді депутат.