Сенаторлар еліміздегі пошта байланысының жағдайына қатысты Үкіметке алаңдаушылық білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Александр Савченко сенаторлар атынан еліміздегі пошта байланысының жағдайына қатысты Үкіметке алаңдаушылық білдірді.
Тоқтала кететін жайт, отырыста депутаттар Қазақстан Республикасының пошта байланысы саласындағы заңнамасының нормаларын Дүниежүзілік пошта одағы актілерінің нормаларымен біріздендіру және пошта операторларының қызметтерін реттеуге бағытталған заң жобасын талқылаған еді.
«Құжатты комитеттерде талқылау барысында «Қазпошта» АҚ жұмысына қатысты бірқатар салмақты сындар айтылды. Бұл ретте мына қаралып отырған заң жобасын қабылдау еліміздің пошта саласындағы проблемаларды да шешпейтіні белгілі болып отыр. Соған орай, мәселелерді шеше алатындай, халыққа, әсіресе ауылдағы жұртшылыққа пошта байланысының сапалы қызметін заманауи талаптарға, халықаралық деңгейге сай арттыратын жаңа редакциядағы заң жобасын әзірлеу қажеттігі туындайды. Осыған байланысты депутаттық корпус Үкіметке еліміздегі пошта байланысына қатысты өз алаңдаушылығын білдіреді», - деді заң жобасына қосымша баяндама жасаған сенатор А. Савченко.
Осыған орай, депутат Үкіметтен пошта байланысы қызметін жақсартатын заң жобасын әзірлеуді, оны 2015 жылдың бірінші тоқсаны бойынша заң жобасын әзірлеу жоспарына енгізуді сұрады.