Сенаторлар халықтың талап-тілектерін тыңдау үшін өңірлерге сапарлайды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палата депутаттары өңірлерге сапарлаған кезде қандай мәселеге ден қою керек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сенаторлар ертеңнен бастап өңірлерге барып, халықпен кездесіп, азаматтардың талап-тілектерін тыңдайды. Сол кезде Жолдауда айтылған басымдықтардың және қабылданатын заңдардың маңызын, олардың нақты пайдасын азаматтарға толыққанды жеткізесіздер деп ойламын. Сапар барысында өңірлердегі өзекті мәселелерге баса мән беріп, елдің пікірі мен ұсыныстарына баса назар аударға абзал. Ең бастысы, азматтар өз сөздерінің билікке жетіп жатқанын, жаңа Жолдау соның жарқын көрінісі екенін сезінуі керек. Алдағы сапарларыңызда сіздерге сәттілік тілеймін», - М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы Президент Жолдауы аясында Парламентке үлкен міндет пен жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтты.
«Президентіміз заңдардың қабылдану тәртібіне қатысты да тың нормалар ұсынды. Олар еліміздің қазіргі дамуындағы үрдістер мен талаптарға толығымен сай келеді. Мұның бәрі – ең жоғарғы өкілді орган жұмысының тиімділігін арттыру үшін жасалып отырған қадамдар. Осылайша, Мемлекет басшысы Парламенттің, оның ішінде Сенаттың жұмысына қатысты қоғамдағы түрлі пікірталасқа біржола нүкте қойды . Парламенттің республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ», - деді М. Әшімбаев.