Сенаторлар Қазақстан даму банкінің қаражаты не себепті сауда орталығы құрылысына жұмсалатынына таңданды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Даму банкі жеңілдетілген несиені өнеркәсіп саласына емес, сауда орталығы мен кинотеатр құрылысына жұмсамақ. Осы орайда бұл жағдайды сенатор Сағындық Лұқпанов сынға алды.
«Жекелеген жобаларды қаржыландыруға мемлекеттің қатысу бойынша біраз сұрақ бар. Мәселен, Астана мен Маңғыстауда туризм саласында қонақүйлер, сауда және ойын-сауық орталықтары, кинотеатр, бизнес орталықтары сияқты екі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Екі жобаның жалпы құны 331 млрд теңгені құрайды. Екі жобаны да қаржылық қолдауға инвестор қаражатының 40 пайызы тартылса, қалған 60 пайызы (бұл шамамен 200 млрд теңге) Қазақстанның Даму банкінің жеңілдетілген қаржыландыруы арқылы жүзеге асырылады. Нақты сектордағы бірқатар негізгі жобаларды қаржыландыру мәселесі шешілмей жатқанда, ҚДБ қаражатын пайдалана отырып, мұндай жобаларды жүзеге асырудың не қажеті бар?!», - деп сұрады Сағындық Лұқпанов Сенатта өтіп жатқан өңдеу өнеркәсібін дамыту тақырыбындағы Парламенттік тыңдауда.
Бұл тұрғыда сенатор пайызы төмен несиелерді өңдеу өнеркәсібіндегі ел экономикасына нақты үлес қосатын және мультипликативтік нәтиже беретін жобаларға бағыттау керек екенін қадап айтты.
Депутаттың пайымынша, осы айтылған мәселелер бұған дейінгі көптеген бағдарламалар аясындағы ірі жобаларды жүзеге асыру кезінде орын алған кемшіліктерді қайталауы мүмкін.
Бұған дейін Сағындық Лұқпанов елден негізгі шикізат экспортталып, Қазақстанға қосылған құны бар тауарлар импортталып жатқанын сынға алған еді.