Сенаторлар кейбір заңнамалық актілерге инвестициялар мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін заңды қабылдады
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін сенаторлар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялар мәселелері бойынша
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады. Аталған құжат бойынша Индустрия және жаңа технологиялар минстрінің бірінші орынбасары Альберт Рау баяндама жасады.
Бұл заң жобасы «Инвестициялар туралы» Қазақстан заңын Кеден одағының Кеден заңнамасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленген. Заң жобасымен инвестициялық жобаны іске асыру аясында Кеден одағына қатысушы мемлекеттің аумағына әкелінетін технологиялық жабдықты, оған жинақтаушылар мен қосалқы бөлшектерді, шикізат пен материалдарды кедендік баждардан босату көзделеді. Заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар шикізат пен материалдарды әкелуге қатысты Қазақстанның заңды тұлғаларын тіркеуден активтерге инвестиция көлеміне қарай және инвестициялық жоба тізбесіне сәйкес келген жағдайда 5 жылға дейінгі мерзімге кедендік баждар салудан босатуды көздейді. Бұл басымдықты қызмет түрлерінің тізбесі жылына бір реттен артық қаралмайды.