Сенаторлар кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін заң жобасын мақұлдады
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін ҚР Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Аталған құжат бойынша ҚР Ішкі істер вице-министрі Амантай Күреңбеков баяндама жасады.
Заң жобасының мақсаты сотталған адамның жүріс-тұрысын одан әрі түзету, жаңа қылмыстар жасауының алдын алу және жәбірленушіге залалды өтеу үшін оған әлеуметтік-құқықтық көмек көрсете отырып, оған қатысты бақылауды жүзеге асыру үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің қылмыстық атқару жүйесінде пробация қызметін енгізу болып табылады. Заң жобасына сәйкес мұндай бақылау шартты түрде сотталғандарға қатысты сот айқындаған мерзім ішінде енгізіледі.
Заң жобасымен Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және 5 заңға түзетулер енгізу көзделеді. Сенаттың тұрақты комитеттерінен заң жобасының тұжырымдамасы бойынша ескертулер келіп түскен жоқ.