Сенаторлар Қызылордада білім беру жүйесін трансформациялау және бала құқығын қорғау мәселесін талқылады

Сенаторлар
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM - Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Қызылорда қаласында «Білім беру жүйесін трансформациялау және балалардың құқықтарын қорғаудың басым аспектілері» тақырыбы бойынша көшпелі отырыс өткізді. Кездесуге қатысушылар ұлттық білім беру жүйесін одан әрі жақсарту, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білімге қол жеткізу мен сапа мәселесін, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғауды және инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету тақырыбын талқылады.

Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп отырысты аша келіп, қазіргі қоғамның басты міндетінің бірі – білім беру және өскелең ұрпақтың тәрбиесі екенін атап өтті. Ол жастардың дамуына, өмір құндылықтары мен бәсекеге қабілеттілігіне және елдің болашағына әсер етеді.

«Ұлттың жетістігі білім деңгейіне байланысты. Мемлекет өскелең ұрпақтың білім деңгейін, оның жылдам өзгеретін әлемге тез бейімделу қабілетін арттыру үшін бар күшін салуда. Бүгінгі таңдағы білім беру жүйесі – мақсатты түрде ұйымдастырылған қарым-қатынас пен әлеуметтік нормалар жүйесі бар әлеуметтік институт. Ол белгілі бір қоғамға, оның сұранысы мен әлеуметтенетін адамға қойылатын талапқа сай келуі тиіс», - деді Нұртөре Жүсіп.

Іс-шараға Қызылорда облысының әкімі, Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің, облыстық мәслихаттың өкілдері және білім беру саласындағы сарапшылар қатысты.

Қызылорда облысы білім басқармасының өкілі Асқарбек Есжанов облыстағы білім деңгейі, ата-аналарға арналған консультативтік пункттерді енгізу, балаларды мектепке бейімдеудің жалпы бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ инклюзивті білім беру және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау туралы сенаторларға айтып берді. Ол сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, оларды психологиялық қолдау және қосымша білім беру шаралары туралы айтты.

Депутаттар Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде, облыстық балалар оңалту орталығында, «Бегім ана» балабақшасында болды. Іс-шара Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында өтті.

Соңғы жаңалықтар