Сенаторлар қорғаныс саласындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындарда болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері еліміздің қорғаныс саласындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындарда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сенаторлар алдымен бронды техника шығаратын «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» машина жасау кәсіпорнына барып, қазіргі заманғы күрделі техниканың сыртқы «брондалған қабатының» құрылысынан бастап дайын өнімге дейінгі өндіріс барысымен танысты. Сондай-ақ кәсіпорынның жоғары технологиялық мүмкіндіктері, оның ішінде шығарылатын әрбір машинаны кез-келген тапсырыс берушінің талаптарына бейімдей алатын конструкторлық бюроның жұмысын көрді.
«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» мекемесінің бас директоры Ербол Сәлімовтың айтуынша, компания отандық сатып алушылар қоятын талаптар арта түссе де өнімдер құнын төмендетумен қатар, Қазақстанды қорғаныс саласындағы халықаралық нарығына лайықты түрде паш ету үшін өндіріс пен технологиялық желіні кеңейтіп отыр.
«Әлемде қанша мемлекет болса да солардың барлығы бірдей өзін қару-жарақпен, оқ-дәрімен қамтамасыз ете алмайды. Оған біраз мемлекет қана қабілетті. Сондықтан Тәуелсіздік алғаннан кейін Бас әскери қолбасшымыз отандық әскери кәсіпке айрықша көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде елімізде бірнеше зауыт ашылып, жұмыс істеп жатыр. Ендігі мақсат қазақстандық қамтудың көлемін арттырып, тіпті бөлшектерді де өзімізде шығаруымыз қажет. Осы бағытта жақсы жұмыс жүргізілуде», - деді зауытты аралау барысында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген сенатор Нұржан Нұрсипатов.
Айта кетейік, 2015 жылғы 20 қарашада Елбасы ашқан зауыт минадан қорғанысы күшейтілген бронды дөңгелекті машина жасаудың жаңа технологиясы бойынша әскер мен арнаулы бөлімшелерге арналған машина шығарады. Олардың асты 10 келі тротил жарылғышы мөлшеріндегі жарылысқа шыдайтын баллистикалық жоғары қорғанысқа ие әрі тасадан жасалған шабуылдарға төтеп бере алады.
Зауыт жұмысы басталғаннан бері тапсырыс берушілерге арнап 4x4 дөңгелекті брондалған «Арлан» және «Алан» машиналарын шығару жолға қойылды. 2018 жылдың соңында Қорғаныс министрлігіне арналған «Барыс» 6х6 дөңгелекті бронетранспортері сынақтан өтті. Қазіргі уақытта зауыт ұңғысы 30 мм болатын отандық «Аңсар» зеңбірегімен қосарланған 7,62 ұңғылы қашықтан басқарылатын пулемет қондырылған 8x8 дөңгелекті «Барыс» бронетранспортерін сынақтан өткізуге кіріскен.
Сенаторлар сондай-ақ «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» мекемесінде де болды. Бұл компания түнде және күндіз көрсете алатын, жылу шығаратын заттарды көретін, барлау аспаптары мен кәсіби байланыс құралдарын өндіруге және сатуға маманданған. Еліміздің Қарулы Күштері мен басқа да әлеуетті құрылымдар кәсіпорынның негізгі тапсырыс берушілері және компания өнімі құрамының 58 пайызы қазақстандық болып табылады. 2017 жылы Түркия мен Өзбекстанға экспорттық келісім жасалды. Енді ТМД елдері мен шетелге де өнім шығару жоспарланып отыр.