Сенаторлар Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру мақсатында ел аймақтарында жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ақан Бижанов депутаттардың аймақтарға сапары аясында Алматыдағы асфальт-бетон зауытының, «Алматы-қалабезендіру» мекемесінің еңбек ұжымдарымен және Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесті.

Сенаторлар Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру мақсатында ел аймақтарында жүр

Алматы технологиялық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесуінде А.Бижанов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы туралы жан-жақты хабардар етті. 500-ден астам адам қатысқан кездесуде жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына қолдау білдіріп, Жолдаудың негізгі бағыттарын іске асыру жоспарлары белгіленді. Білім беру сапасын арттыру, жастарға қолдау білдіру, ғылымға негізделген экономиканы дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, бүгін Сенат депутаты Ерлан Нығматулин және Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев пен Виктор Рогалев Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын түсіндіру жөнінде Балқаш қаласында сайлаушылармен бірқатар кездесулер өткізді.

Жүздесу барысында қала тұрғындары еліміздің Президенті Н.Назарбаев жүргізіп келе жатқан саясатқа қолдау білдіріп, Мемлекет басшысының Жолдауына ерекше назар аударды. Мемлекеттік деңгейде жүзеге асып жатқан жастар бағдарламасының барысы туралы депутаттардың ой-пікірлері ықыласпен тыңдалды. Жолдауда алға қойылған зор міндеттерге зейін қойған қаланың студенттер қауымы еліміздегі заңдардың қабылдану барысы, әсіресе, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге әзірлік жұмыстары және атқарылған істердің ауқымы туралы ақпараттармен танысты.

Аймақ сайлаушылары көлік инфрақұрылымын дамыту, логистикалық қызмет секторына ерекше қызығушылық танытты. Қалалықтар Балқаш арқылы өтетін «Алматы - Астана» автомобиль жолының құрылысына назар аударды. Сонымен қатар 2011-2020 жылдардағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту туралы мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы сұрақтар қойылып, оның барысында пәтер иелеріне ауыртпалық түсірмеуді көздейтін бірқатар ұсыныстар айтылды.

Қойылған барлық сауалдарға депутаттар жан-жақты жауап беріп, заң шығару барысында сайлаушылардың ұсыныстары ескерілетінін айтты.

Ақмола облысында жүрген сенатор Ж.Ерғалиев бүгін Жақсы, Есіл, Жарқайың аудандарында болды. Оның жергілікті мәслихаттардың депутаттарымен, ауыл әкімдерімен және жастармен болған кездесулерінде Елбасының «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының тарихи маңызы басты тақырып болды.

«Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне шықты. Елбасы Қазақстанның 2050 жылы әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену міндетін қоя отырып, биік межеге қол жеткізудің нақты бағыттарын айқындап берді. Елімізде жүргізіле бастаған Индустрияландыру бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асыру, ел бірлігін сақтау, білім мен ғылымды дамыту сияқты келелі міндеттер біздің табысқа жетуіміздің басты кепілі», - деп атап өтті депутат.

Жолдау жайында пікір алмасу барысында жұртшылық өкілдері Елбасының Мәңгілік Ел болу туралы айтқан ойларынан зор әсер алғандығы және ол біздің халқымыздың ұлы мұраты болуға тиісті екені жөнінде өз пікірлерін ортаға салды. Ауыл тұрғындары сонымен қатар өздерін толғандырып отырған мәселелерді де көтерді. Атап айтқанда, олар шағын мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуды және қыс айларында жолдарды қардан тазарту, аршу жұмыстары кешіктірілмей жүргізілсе екен деген тілектерін жеткізді.

Ал Сенат депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай Президент Н.Назарбаевтың Жолдауына орай Қарағанды облысында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қаражал қаласындағы Мәдениет сарайында өткен қала тұрғындарымен кездесуде сенатор Мемлекет басшысы жария еткен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының мәніне егжей-тегжейлі тоқталды. Депутат бұл идеяның тарихи негіздеріне және еліміздегі келешек ұрпақтың өркендей беруін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. С.Ақылбай одан кейін «Нұр Отан» ғимаратында Ақсақалдар кеңесінің өкілдерімен және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен де кездесіп, құқық қорғау және сот жүйесін одан әрі реформалаудағы негізгі мәселелерге тоқталды және Азаматтық-іс жүргізу кодексін қабылдау қажеттігін айтты.

Бүгін сенатор «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті. Жүздесуде Елбасы Жолдауының негізгі ережелері талқыланып, еліміздің атауы жайында жан-жақты әңгіме болды. Кен-байыту комбинатының қызметкерлері Қазақстанның атауын өзгерту туралы Елбасының ұсынысына қолдау білдірді.

Президент Жолдауын Парламент депутаттары Жамбыл облысында да түсіндіруде. Сенаторлар Ертарғын Астаев, Сергей Громов және Александр Савченко осы аймақта Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жұмыстарына атсалысты.

Депутаттар кездесу барысында «Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында бұрын қабылданған «Қазақстан - 2050» стратегиясын іске асырудағы мемлекет пен қоғамды дамытудың нақты мақсаттары мен негізгі бағыттарын айқындаумен қатар, оған қол жеткізудің тетіктері мен жолдары және әдістерінің айтылуымен ерекше тарихи сипатқа ие», - деп атап өтті.

Сенаторлар «Оңтүстік» аймақтық әскери басқармасында болып, әскери қызметшілермен, тракторлардың қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыттың, тері-былғары аяқ киім бірлестігінің, қант комбинатының еңбек ұжымдарымен кездесті, сондай-ақ аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты.