Сенаторлар мемлекеттік экологиялық сараптаманың ашықтығын арттыруды ұсынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақты дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Аталған заң жобасының мақсаты ұлттық экологиялық заңнаманы Орхус конвенциясына сәйкес келтіру болмақ. Қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдерді қабылдау процесіне және әділсотқа қолжетімділікті іске асыру туралы конвенцияның (Орхус конвенциясы) негізгі функциялары қоршаған орта саласындағы мәліметтердің ақпараттық қорын қалыптастыру болып табылады. Бұдан бөлек, ақпараттарды қолдану мен жеке және заңды тұлғалардың сұрауы бойынша экологиялық ақпарат ұсыну қамтамасыз етіледі. Заң жобасына сәйкес парниктік газ шығарындыларына квота белгілеу, беру және өзгерту мәселелері бойынша Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу күтіледі.
Аталған мақсатта заң жобасымен экологиялық ақпараттардың мемлекеттік қоры арқылы қоғамды ақпараттандыру жүйесінің тәртібі қарастырылып отыр. Сонымен қатар, қоршаған ортаның жағдайы мен табиғи ресурстарды пайдалану бойынша жыл сайынғы Ұлттық баяндама шығару көзделеді. Бұдан бөлек, экологиялық ақпараттың аса маңызды көздерінің бірі - шығарындылар мен ластаушылардың ауысуы туралы мемлекеттік тізілім болып табылады.
Тұтастай алғанда, заң жобасы арқылы ұсынылатын өзгерістер мен толықтырулар квоталаудың тиімді жүйесін енгізуге, парниктік газдар шығарындыларына квоталарды ішкі саудалауға қатысты болып отыр.
Талқылау барысында сенаторлар тарапынан мемлекеттік экологиялық сараптаманың ашықтығын арттыруға, қабылданатын шешімдерге халықтың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған ескертулер мен ұсыныстар жасалды. Бұл ретте депутаттар ұсынысы бойынша БАҚ қоғамдық талқылаулар өткізу туралы хабарламалар жариялау, жергілікті атқарушы органның интернет-ресурстарында мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындыларын орналастыру туралы нормалар көзделіп отыр.