Сенаторлар мемлекеттік марапаттарға ие болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс болды.
None
None

Палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты, көреген басшылығымен тәуелсіз мемлекетіміздің берік негізі қалыптасқанын және оның бүкіл әлем мойындаған тарихи дерек екенін атап өтті. «Қысқа мерзім ішінде Қазақстан әлем қауымдастығы құрметтейтін абыройлы мемлекет деңгейіне көтерілді. Бүгінде адамзатты алаңдатқан ең өзекті мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымы дүниежүзінің түкпір-түкпіріне белгілі. Қазақстан бірлігі жарасқан ұлттар мен ұлыстардың бейбіт өмір сүріп жатқан киелі шаңырағына айналды», - деді Төраға.

Қ.Тоқаев дүниежүзіндегі ең дамыған елдердің қатарына ену туралы Президенттің ұзақмерзімді стратегиясын жүзеге асыруда, еліміздің егемендігі мен мемлекетіміздің қарқынды дамуын заңнамалық жағынан қамтамасыз етуде Парламенттің рөлі айрықша екеніне тоқталды. Ол Қазақстанның игілігі жолындағы ерен еңбектері үшін депутаттарға ризашылығын білдірді.

Сенат төрағасы Мемлекет басшысының атынан белсенді мемлекеттік және қоғамдық қызметі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ Сенат депутаттарына мемлекеттік марапаттарды табыс етті.

Сенаторлар Бектас Бекназаров, Икрам Адырбеков және Қайрат Ищанов III дәрежелі «Барыс» орденімен, Дулат Құсдәулетов пен Ерболат Мұқаев «Парасат» орденімен, Асқар Бейсенбаев пен Людмила Полторабатько II дәрежелі «Достық» орденімен, Ольга Перепечина «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сенаторларға «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалі табыс етілді.  

Депутаттар Бектас Бекназаров, Серік Біләлов, Жабал Ерғалиев, Сергей Ершов және Аңсар Мұсаханов ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Парламенттік ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» медаліне, Рашит Әкімов, Мұрат Бақтиярұлы, Серік Жақсыбеков, Ляззат Киинов, Манап Көбенов, Төлеубек Мұқанов және Марат Тағымов ТМД ПАА Құрмет грамотасына ие болды.

Сенаторлар Рашит Ахметов пен Ахан Бижановқа ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының «ҰҚШҰ парламенттік ынтымақтастығын нығайтқаны үшін» медалімен марапатталды. Парламентшілер Ертарғын Астаев пен Георгий Кимге ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының Құрмет грамотасы табыс етілді. 

Соңғы жаңалықтар