Сенаторлар мемлекеттің қатысуымен «Ауыл шаруашылығы банкін» құру мәселесін көтерді

АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттің қатысуымен арнайы «Ауыл шаруашылығы банкі» құрылуы тиіс.
None
None
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Өңір» депутаттық тобы атынан Үкімет басшысына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Дағдарыс кезеңінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын жақсарту үшін бөлінген қаражат тиісті орындарға жетпей жатыр. Жақында өңірлерді аралап қайтқан сенаторларға халық тарапынан осындай реніштер де білдірілді. Сонымен бірге, көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүргізу ісі экономиканы тұрақтандыру мен дағдарыс салдарын азайту үшін жасалған маңызды қадам болып табылады. Уақтылы егін егіп, мол өнім жиналса - бұл ел ризығы мен байлығы. Бірақ, осы күнге дейін Елбасының тапсырмасымен бөлінген қаражатты шаруаларға жеткізу тетіктері толық шешілмеген. Сенат депутаттары Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, көктемгі егіс жұмыстарын қолдау мәселелерін талқылаған болатын. Осының нәтижесінде бірқатар проблемаларға назар аударылу қажеттігі белгілі болды», деді сенатор Қ. Айтаханов. Оның айтуынша, бүгінгі күні Үкімет ең алдымен шаруаларға арзандатылған жанар-жағармайды жеткізу жолдарын қарастыру керек. Бұнымен қоса, шаруаларға берілетін май бағасы арзан болуы шарт. Сонымен бірге, «ҚазАгро» ұлттық холдингі бекіткен несиелеу ережесінде несиенің шағын және орта бизнеске екінші деңгейлі банк кепілдігі болғанда 8 пайызбен берілетіні жазылған. Бірақ, сенатордың айтуынша, екінші деңгейлі банктер кепілдік берсе несие сыйақысы 8 пайыздан 12-13 пайызға дейін өсіп кетеді екен. «Бұндай жағдай егіс алқаптарының егілмей немесе өндірілмей қалуына, соған орай азық-түліктің қымбаттауына әкеп соғады. Бұл дағдарысқа қарсы күрес пен экономиканы тұрақтандыруға, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізуі мүмкін. Сонымен бірге, жекелеген банктердің мемлекет қарамағына өтуіне байланысты, келешекте ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне несие беру тетігін жетілдіру үшін арнайы банк ұйымдастырылуы қажет деп білеміз. Сондай-ақ Жер кодексіне сәйкес жерлерді кепілдікке алу мәселесін шешіп, шаруалардың ешбір делдалсыз өз жер телімдерін банктерге қойып, несие алуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан да, елімізде мемлекеттің қатысуымен арнайы «Ауыл шаруашылығы банкін» құрған маңызды болып отыр. Ол банк ауыл шаруашылығы саласын қаржыландырудың оңтайлы тетігімен жұмыс істесе, жағдай біршама жеңілдер еді», - деді сенатор.
Соңғы жаңалықтар