Сенаторлар мемлекеттік наградалар санын арттыратын құжатты қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңының жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына бірнеше сенаторды сайлап, бұған дейін Мәжіліс қабылдаған бірнеше Заңды пысықтайды.

Сенат
Фото: senate.parlam.kz

Сонымен, палата депутаттары алдымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтыруларды қарайды. Айта кетерлігі, кеше ғана Мәжіліс депутаттары осы Заңды қабылдаған еді. Оған сәйкес, «AL-FARABI», «QOJA AHMET YASAUI» және «Мейірім» ордендерін тағайындау және марапаттау тәртібі өзгертілді.

«AL-FARABI» ордені ғылыми қауымдастық үшін маңызды қолдау болмақ. Ал «QOJA AHMET YASAUI» орденімен Қазақстан Республикасының дамуына ерекше еңбек сіңірген отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ мемлекеттікті нығайтуға, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, ағартушылық, мәдени және гуманитарлық салаларды дамытуға үлес қосқан азаматтар наградталады.

«Мейірім» ордені жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытқан, қайырымдылық қызметке, оның ішінде меценаттық немесе филантропиялық қызметке қомақты үлес қосқан азаматтар марапатталады.

а
Коллаж: Kazinform/ Canva

Мұнан соң сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді талқылайды. Бұл құжатты Мәжіліс 6 мамырда ратификациялады.

Сол кезде Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров келісімге 2025 жылғы 16 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астана қаласына сапары барысында қол қойылғанын айтты. Құжат Қазақстан мен Қытай арасындағы 1992 жылғы 10 тамыздағы қолданыстағы халықаралық шартты өзектендіріп, екі мемлекеттің арасындағы инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтеді, неғұрлым жетілдірілген қорғау тетіктері мен кепілдіктерді ұсынады. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді. Халықаралық шарт инвесторларға құқықтық кепілдіктер беріп қана қоймай, инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін ашық және болжамды жағдайларды қамтамасыз етеді.

Келісім елдер арасындағы өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған. Келісімді іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша шығындарын талап етпейді, - деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды бірінші оқылымда пысықтайды. Бұл Заңды Мәжіліс 8 сәуірде қабылдады. Сол кезде депутат Кұдайберген Бексұлтанов Заң еңбек саласындағы жекелеген құқықтар мен кепілдіктерді жетілдіруге бағытталғанын айтқан еді.

- Құжат медициналық куәландыру уақытын төлеу рәсімін айқындауға, әлеуметтік әріптестікті дамытудағы жергілікті органдардың өкілеттіктерін бекітуге және еңбек инспекторларының біліктілігіне талаптарды күшейтуге бағытталған, — деді ол.

Жұмыс барысында депутаттар келесі түзетулерді енгізді:

  • техникалық инспекторлардың құқықтарын және олардың қызметіне ақы төлеу тәртібін нақтылау;
  • әлеуметтік әріптестік мүшелерінің бастамасы бойынша өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) келісімдерді іске асыру туралы есепті тыңдау;
  • қызметкерлердің скринингтік зерттеулерден өту тәртібін анықтауға қатысты өзгерістер.

Палата күн тәртібіне шығарған мәселелер бойынша БАҚ өкілдеріне брифинг өткізу жоспарланған. Оның барысында сенаторлар Сергей Ершов пен Руслан Рүстемов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев тілшілер сауалына жауап береді.

Сенат пен Мәжіліс
Коллаж: Kazinform/ parlam.kz/ Kazpravda.kz

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада Сенаттың жалпы отырысы өткен жоқ. Дегенмен, сенаторлар Мәжіліс депутаттарымен бірге Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент туралы, Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі конституциялық заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мемлекет басшысына қатысты заң жобасын таныстырған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, құжат 7 тараудан тұрады.

1-тарауда Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі айқындалады.
2-тарауда Конституцияға сәйкес Президенттің өкілеттіктері белгіленген.
3-тарауда Вице-Президентті тағайындау тәртібі белгіленеді – оны Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайтын болады.
4-тарауда Конституцияда көзделген жағдайларда (Құрылтай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, оның уақытша болмауы кезеңінде) конституциялық заң не заң күші бар жарлықтар шығару мүмкіндігі қарастырылған.
5-тарауда ұсынылып отырған өзгерістер жоғары мемлекеттік биліктің институционалдық тұрақтылығын және мемлекеттік басқару жүйесінің тұтастай үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
6 және 7-тараулар Президент қызметін қамтамасыз ету және экс-президенттердің мәртебесіне қатысты мәселелерді реттейді.

Олардың нормалары жаңа Конституцияға сәйкес нақтыланып, сәйкестендірілген.

- Конституциялық заңның қабылдануы – президент институтын мемлекетіміздің жаңартылған конституциялық моделіне сәйкес одан әрі жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Бұл модельге сәйкес Қазақстан Республикасы – әділеттілік, заңдылық және адамға бағдарланған қағидаттарға негізделген мемлекет. Ал оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, - деді министр.

Ұлттық құрылтай
Фото: Kazinform

Ал Құрылтайға қатысты заң жобасын депутат Айдос Сарым таныстырды. Оның айтуынша, Заң жобасына сәйкес, Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады, пропорционалдық жүйе бойынша сайланады және олардың өкілдік мерзімі – 5 жыл. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, Еуропа елдерінде осындай модельге бетбұрыс бар. Әлем елдерінде бір палаталы парламентке көшу - заң шығару процессінің ашықтығы мен саяси жауапкершілігін арттыруға деген ұмтылыспен байланысты.

Сонымен қатар, заң жобасы Құрылтайдың мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын, қызметінің қағидаттарын, құрылымын, қалыптастыру тәртібін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін жүзеге асыру нысандарын айқындайды. Құрылтайдың заңдарды қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылаудың тетіктерін жүзеге асыруды қамтитын құзыреті белгіленеді.

Заң жобасында Құрылтай қызметінің ұйымдастырушылық нысандары (сессиялар, отырыстар, тыңдаулар, үкімет сағаттары), оның органдарының құрылымы (Төраға, Бюро, комитеттер, комиссиялар), сондай-ақ заң шығару процесін жүзеге асыру тәртібі реттеледі.

Үшінші заң жобасын Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды. Оның сөзінше, ұсынылған Конституциялық заң жобасы өткен сайлау науқандары барысында анықталған мәселелерді шешу, сондай-ақ сайлау туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру үшін әзірленді.

– Біріншіден, әкімді сайлау кезінде қайта дауыс беру мәселелері регламенттеліп жатыр. Әкім лауазымына кандидаттардың жинаған дауыстары тең болған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясы бір айдың ішінде қайта дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылдайды. Екіншіден, кандидаттарды ұсыну процесі ретке келтірілді. Мәселен, бір тұлға бір мезгілде мәслихат депутаттығына және әкімге кандидат бола алмайды, сондай-ақ бірнеше сайлау округтері бойынша да әкімдікке кандидат болуға тыйым салынады, - деді ол.