Сенаторлар «оралман» терминіне қатысты мәселені тағы көтерді
АСТАНА. ҚазАқпарат Бүгін Сенаттың жалпы отырысында көші-қон мәселесіне қатысты заңды талқылау барысында сенатор Жабай Ерғалиев «оралман» терминіне қатысты мәселені көтерді.
«Осы «оралман» терминінің төңірегінде үлкен таластар бар. Бұған да көзқарасты өзгертетін кез келді. Атамекеніне оралып отырғандар сол мемлекетте туған азаматтар, ал Қазақстаннан кеткендер олардың ата-бабалары болатын. Егер бұрын кеткендер болса, солар қайта келсе, оларды «оралман» деп атауға болатын еді. Ал қазіргі келіп жатқандар негізінен Қытайдың, Өзбекстанның, Моңғолияның, Түркияның азаматтары, оларды, шет елдегі этникалық қазақтарды «оралман» деу қисынсыз, оларды Қазақстанға қоныс аударушы этникалық қандастар деген жөн секілді», дейді сенатор Жабал Ерғалиев.
Еске салсақ, жақында заң жобасы Сенат комитетінде талқыланғанда депутат Икрам Адырбеков «оралман» терминін қайта қарауды ұсынған болатын. «Егер бізде бір ұғым, қандай да термин пайда болса, соған аяғына дейін байланып қаламыз. Қазіргі күні бізде «оралман» терминінің өзі біршама кері түсінік тудырып жүр. Азаматтық алғандар өздерінің мәртебесін ауыстырып, «оралман» мәртебесінен айырылады деп жатыр - бұған келіспеймін. Өйткені, басынан бастап оған «оралман» дегендіктен ол ауылдастары үшін де, сол өңір үшін де оралман болып қала береді. Неге уақытында дұрыс термин қабылданбаған, мәселен «бауырлас», «отандас» секілді? Бүгінгі үдерісті ескере отырып, бұл терминді қайта қарастыру керек деп ойлаймын. Сол қандастарымыздың өздерін қатыстыра отырып талқыласақ, біз бұдан әлдеқайда лайықты термин таба аламыз деп сенемін», - деген еді сенатор.