Сенаторлар орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын көтеруді ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында депутаттар өз сауалында Қостанай облысындағы қайғылы оқиғалар мен елімізде жылдар бойы жалғасып келе жатқан орман өртіне қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенаторлар орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын көтеруді ұсынды
«2018-2021 жылдары жалпы көлемі 464 219 гектарды құрайтын 2 438 өрт орын алып, жалпы шығын 9 167 108 мың теңгені құрады. Яғни, біз жыл сайын сол проблемадан орасан зор қаржылық, экологиялық, материалдық және тбасқа да шығынға ұшырап келеміз. Осы жылдар бойы елімізде мұндай табиғи апаттармен күресудің біртұтас жүйесі қалыптаспағаны анық. оның үстіне, Үкімет әлі күнге дейін орманды қорғау бойынша пәрменді шараларды жүзеге асырған жоқ», – деді сенатор Жеңіс Нұрғалиев.

Сенатор жалақының төмен деңгейі, орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық қамтамасыз етудің нашарлығы, кадрлардың тапшылығы проблемаларын айтты.

«Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметін қалпына келтіру қажет, ол республикадағы техногендік жағдайларға жедел ден қоя алады. Кәсіпорынның 13 филиалы еліміздің 12 өңірінде орналастырылды. Құтқару жұмыстарына жұмылдыру жарияланғаннан кейін кәсіпорын 2 мыңнан астам кәсіби құтқарушыны жібере алады», - деді сенатор.

Осы орайда депутаттар орман шаруашылығы үшін өрт сөндіру техникасын да, арнайы техниканы жаңартуға да қаражат бөлуді, орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын көбейтуді, өрттерді ерте анықтаудың ақпараттық жүйелерін енгізуді ұсынды. Бұл адами факторды болдырмауға және тиісінше өрт ошақтарына жедел ден қоюға мүмкіндік береді.