Сенаторлар шымкенттік мәслихат депутаттарымен кездесті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Шымкент қаласы мәслихатының депутаттарымен кездесті.

Сенаторлар шымкенттік мәслихат депутаттарымен кездесті

Басқосуда қылмыстық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселелері зерделенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында Комитет төрағасы Владимир Волков заңнаманы жақсарту мәселелері ел азаматтарының конституциялық құқықтарына тікелей қатысты екендігін айтты.

«Қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру аясында жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту туралы, есірткіге байланысты, жеке адам мен меншікке қарсы қылмыстар және басқа да ауыр қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған заңдар қабылданды. Сондай-ақ, қылмыстық процестегі үш буынды үлгінің тартымды тұстары бар, деген ол сот жүйесін жетілдіру масатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың қорытындысы бойынша тиісті заң жобалары әзірленетін болады»,- деді Комитет төрағасы.

Сенат депутаттары сондай-ақ, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселесі бойынша бірқатар маңызды отырыстар өткізді. Іссапар барысында қалалық сот пен әкімдікте жауапты мамандармен кездесіп, Шымкент қаласы Полиция департаментіне арнайы ат басын бұрды.

Мегаполистегі 33 учаскелік полиция пунктінде қоғамдық кеңес мүшелерімен жүздесіп, Әл-Фараби ауданындағы «Сервистік полиция» пилоттық жобасы аясында атқарылған жұмыстар мен көрсетілген нәтижелерді талқылады. Қалалық Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков шаһар қауіпсіздігін қамтасыз етуге зор үлес қосып отырған 3000-нан астам бейнекамераны бақылайтын Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты.

Келесі кезекте, тарихи қазынаға бай музей ішін аралап, полицияның өткені мен бүгінінен хабардар болды. Өз кезегінде, ҚР Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитет төрағасы Волков Владимир полиция жұмысына табыс тілеп, қалтқысыз қызметі үшін алғысын білдірді. Президент жолдауына сәйкес, тәртіп сақшылары ашық, қолжетімді, сенімді болу қажет екенін атап өтті.