Сенаторлар Ұлттық ұланды дамыту жоспарын талқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 14 ақпанда Дариға Назарбаева бастаған Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Ұлттық ұланның басшылығымен кездесіп, «Қазақстан Республикасы ұлттық ұланының 2017-2019 жылдарға арналған даму жоспарын» талқылады.
Д.Назарбаева мемлекеттегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Ұлттық ұланның маңызды рөлін атап өтті.
Кездесуде Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов негізгі басымдықтарды белгілеп, әскердің материалдық-техникалық жабдықталуы, қызметкерлердің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мәселелерін көтерді.
«Даму жоспарында басқару органдарын одан әрі жетілдіру, басшылық және жауынгерлік даярлық, әскери білім беру және қаржы шығындарынсыз жоспарлы түрдегі моральдық-психологиялық тұрғыда қамтамасыз ету шаралары көзделіп отыр», - деді Р.Жақсылықов.
Сенаторлар С.Жақсыбеков, М.Алтынбаев, Л.Киинов, Г.Ким кездесуде өзекті мәселелерге тоқталып, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.