Сенаторлар ветеринария саласына қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады,

Сенаторлар ветеринария саласына қатысты заң жобасын 
бірінші оқылымда мақұлдады
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыста заң жобасына байланысты баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың сөзіне қарағанда, құжатты дайындаудағы мақсат - ветеринария саласын заман талабына сай етіп, аса қауіпті індеттердің алдын алу мен мал шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай туғызу болып отыр. Сонымен бірге құжат еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру қарсаңында ветеринария саласындағы заңнамаларды халықаралық нормаларға сәйкестендіру бағытындағы шара деуге болады. «Баршаға мәлім, елімізде жүргізілген әкімшілік реформалардың нәтижесінде мемлекетте көптеген мәселелер жергілікті атқарушы органдардың құзырына енді. Осыған орай талқылауға ұсынылып отырған заң жобасында ветеринария саласында атқарылып жатқан шараларды бақылауға алатын арнайы мекеме құру қарастырылған. Сонымен бірге онда еліміздің аймақтарындағы әрбір ауылдық окургте жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы бөлімшелерін және мал дәрігері қызметін құру да ұсынылып отыр. Заң күшіне енетін болса, орталық мемлекеттік органдардың міндеттері өзгертіледі», дейді министр.Оның айтуынша, заң жобасының тағы бір бөлігі ветеринария қызметінің принциптерін одан әрі дамытуды көздейді. Сонымен бірге онда мал басын идентификациялау арқылы малдың ветеринариялық есебін жүргізу жұмыстарын тиісті деңгейге көтеріп, оның электрондық базасын жасау қарастырылған. Отырыста заң жобасын жан-жақты талқылаған депутаттар оны екінші оқылымда қарайтын болып келісті.