Сенаторлар «World clean up day» экологиялық қозғалысына қолдау білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «World clean up day» – «Бүкіләлемдік тазалық күні» акциясына қатысты.

Биыл аталған шара бүкіл еліміз бойынша өткізіліп жатыр. Шара барысында эко-белсенділер ағаш отырғызып, қоғамдық орындарда, саябақтарда және басқа да жерлерде тазалық жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласында қатысушылар елордалық триатлон паркінде көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, көшелердегі қоқыс қалдықтарын жинады.


Мәулен Әшімбаев Жолдауда қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінгеніне назар аударып, экологиялық дамудың мән-маңызына тоқталды.

«Президентіміз Жолдауда экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған басымдық екенін атап көрсетті. Соған сәйкес мемлекеттік органдарға, Парламентке, қоғамдық институттарға нақты міндеттер жүктелді. Соның аясында жыл соңына дейін елімізде Экологиялық кодекс қабылданады. Бұл құжат экологияға қатысты басқа да заңдар сияқты алдымен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен талқыланып, пысықталады», – деді Сенат төрағасы.


Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев осы аптада Сенат ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заң қабылдағанын атап өтті. Бұл құжат пайдаланылмай бос жатқан жерлерді Іле-Алатауы табиғи паркі мен Бурабай ұлттық паркінің құрамына қайтаруға мүмкіндік береді.

Жалпы алдағы бес жылда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі орман алқаптарында 2 миллиард, елдімекендерде 15 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сондықтан бүгінгі акцияны Президент бастамасының алғашқы нәтижесі ретінде қарастыруға болады. Сенат төрағасы мұндай көгалдандыру жұмыстарының берері мол және «World clean up day» сияқты акциялардың бүкіл әлем үшін маңызы зор екенін атап өтті.


«Қазіргі таңда экологиялық мәселе бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Жер бетінде көптеген табиғи орындар, ормандар мен өзен-көлдер адамдардың салғырттығынан зардап шегуде. Бұл – дабыл қағарлық жайт. Біздің елімізде де осы салада мәселе аз емес. Сондықтан бәріміз жұдырықтай жұмылып, осындай игі бастамаларға белсенді түрде атсалысуымыз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, «World cleanup day» акциясы әлеуметтік бағытта жыл сайын ұйымдастырылатын жаһандық бағдарлама. Басты мақсат – қоршаған ортаны қорғауға бүкіл әлем жұртшылығын жұмылдыру. Былтыр жобаға 170-ке жуық елден волонтерлер, экологиялық қозғалыстардың көшбасшылары, ірі компаниялар мен ұйым өкілдері атсалысқан.

Биыл аталған акция Қазақстанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Оған бір топ Сенат және Мәжіліс депутаттары, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, қоғам қайраткерлері және волонтерлер қатысты. Сенбілік барысында пандемияға байланысты барлық сақтық шаралары сақталғанын айта кеткен жөн.


Соңғы жаңалықтар
telegram