Сенаторлар жер заңнамасын жетілдіруге бағытталған жобаны талқылады
АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
Онда депутаттар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады.
Заң жобасы 2008 жылы бір топ Мәжіліс депутаттарының бастамашылығымен әзірленген болатын. 2009 жылдың қаңтар айында бірінші оқылымда мақұлданса, екінші оқылымда 2010 жылдың наурызында Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа жіберілген. Ұсынылған түзетулер негізінен жер заңнамасын одан сайын жетілдіруге бағытталып, Жер кодексінің нормаларын қолданыстағы құқықтармен сәйкестендіруді қамтып отыр. Атап айтқанда, заң жобасы елді мекендер аумағында нарықтық тетіктерді ескере отырып бағаны қалыптастыру мәселелерін реттеуді көздейді. Сонымен қатар, елді мекендердегі жер-шаруашылығын орналастыру мәселелері бойынша және халықтың ақпаратқа қолжетімдігі мәселесіне сәйкес, жергілікті өкілетті және атқарушы биліктің құзыреті нақтыланады. Жергілікті атқарушы органға жер учаскелерін бөлуде өкілеттіліктер ұсынылады. Мемлекеттік меншікте тұрған жер учаскелерін сату барысында құқық иелену тетіктерін бекітіледі.
Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.