Сенаторлар: Жетісу облысының су шаруашылығы ерекше назар аударуды талап етеді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов Жетісу облысына сапары барысында су шаруашылығының стратегиялық маңызды нысандарында, оның ішінде Тентек су қоймасы мен Қаратал өзеніндегі бөгет аумағында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстағы ауыл еңбеккерлерін суармалы сумен қамтамасыз етудегі негізгі жұмысты «Қазсушар» АҚ Алматы филиалының қарамағындағы осы нысандар атқарып келеді. Алайда, қазіргі уақытта бұл нысандарға күрделі жөндеу жүргізу қажет болып отыр.
Депутаттар осыған дейін депутаттық сауалдарында сумен қамтамасыз ету жөніндегі проблемалық мәселелерді көтерген болатын. Оның нәтижесі бойынша уәкілетті органдар Тентек және Ақешкі су тораптарының қауіпсіздік декларациясын әзірлеу үшін мемлекеттік бюджеттен 21,8 млн теңге бөлу жөнінде шара қабылдады. Сондай-ақ, Алмалы, Ащыбұлақ су қоймаларына көп факторлы тексеру жүргізу және Күрті су қоймасының қауіпсіздік декларациясын әзірлеу үшін 2024-2026 жылдарға арналған бюджеттен қаржы бөлуге өтінім әзірленді.
Сенаторлар сонымен қатар, Қызылағаш бөгетінде күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін осы нысанда сынақ жұмыстарын жүргізу барысымен танысты.
