Сенаторлар жол қозғалысы жөніндегі заңға түзетулер енгізбек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында «Жол қозғалысы мәселелері жөніндегі ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз полиция қызметкері тоқтатқан кезде жүргізушінің көліктен түспеуіне қатысты жағдайды түзеткіміз келеді. Бірақ, бұл тек жолаушыларға ғана қатысты. Өйткені жүргізушімен қатар жолаушының да полиция рұқсатынсыз көліктен түсуіне тыйым салынған. Біздің ойымызша, белгісіз уақытқа адамдарды көлікті қамап қою дұрыс емес. Сондықтан біз осы түзетуді енгізіп отырмыз», - деді комитет отырысында заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Владислав Косарев.
Сонымен қатар ол Мәжіліс депутаттары жүргізушінің тек рұқсат белгісі бар жерге ғана тоқтауы қажеттігі көрсетілген нормаға да қарсылық танытқанын атап өтті.
«Жеріміз ұланғайыр, белгіні кез келген жерге қоя алмаймыз. Ал мұны полиция қызметкерлері пайдаланып, кез келген жерде наразылық танытуы мүмкін. Біз сондықтан бұл норманы алып тастауға шешім қабылдадық және ол шағын кәсіпорындардың қызметін жетіліру туралы заңмен алынып тасталды. Бұл заң жобасы арқылы біз жүргізуші мен жол полициясы қызметкерлері арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсарту мақсатында жұмыс істедік. Заңда көлікті тоқтатқан полиция қызметкері бірден жүргізушіге келуін, не үшін тоқтатқандығын түсіндіруін, бұзушылыққа қатысты құжатты немесе видео жазбаны ұсынуын жаздық. Бұған қоса жүргізушілерге видеоға түсіруге рұқсат беріледі. Бұл жүргізуші мен полиция қызметкері арасындағы демократиялық қарым-қатынасты дамыта түспек», - деді Косарев.
Жоғары палата депутаттары заң жобасын қолдап, Сенаттың жалпы отырысына шығаруға келісті.