Сенаторлардың өңір тұрғындарымен кездесулерінде қандай мәселелер көтерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде Сенат депутаттары еліміздің түкпір-түкпірін аралап, республика халқымен кездесулер өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлардың өңір тұрғындарымен кездесулерінде қандай мәселелер көтерілді
Фото: senate.parlam.kz

Жүздесулерде өзекті мәселелер талқылануда, күрделі мәселелердің шешімін табу жолдары іздестірілуде. Сол кездесулер туралы ақпараттар топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысындағы Түпқараған, Бейнеу және Маңғыстау аудандары мәслихаттарының депутаттарымен және өңір тұрғындарымен кездесті. Сенатор сапар барысында депутаттардың алдында тұрған негізгі міндеттер мен мақсаттар, сондай-ақ сенаторлар жүргізіп жатқан жұмыс туралы кездесулерге қатысушыларға айтып берді. Сенатор мәслихат депутаттарымен бірлесіп халықтың әкімдіктермен өзара іс-қимылы мәселелерін, сондай-ақ қоғамдық бақылауды күшейту жөніндегі жұмыстың маңыздылығын талқылады. Ол сондай-ақ өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мәселелеріне жеке тоқталды.

***

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысы Шу ауданында болды және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, сайлаушылардың ұсыныстарын тыңдады. Кездесу барысында Тасөткел су қоймасы мен Шатыркөл кен орнына қатысты проблемалық мәселелер де талқыланды. Сенатор Орынбеков 300 оқушыға арналған әл-Фараби атындағы орта мектептегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Депутат құрылыс сапасын бақылаудың маңыздылығына аудан басшылығының назарын аударды. Бекболат Орынбеков кездесу барысында сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының жұмысы туралы жерлестеріне айтып берді.

***

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Алтынбек Нұхұлы мен Ернұр Әйткенов Павлодар облысында болды және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен танысу үшін аймақ басшылығымен кездесті. Депутаттар Павлодар қаласындағы №2 жылу энергетикалық орталығында да болды. Сенаторлар ЖЭО-дағы өндіріс жұмысымен танысты және салалық цехтарда болып, Екібастұздағы өткен жылғы төтенше жағдайға ұқсас аварияларды болдырмау үшін жұмыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

***

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысында болды. Депутат Есіл ауданына сапар барысында жергілікті аурухананың емдеу корпусын жөндеу барысымен танысты. Сенатор ауыл тұрғындарымен кездесу барысында сумен жабдықтау, жолдарды жөндеу және интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Өңір тұрғындары кездесу барысында сұрақтар қойып, мемлекеттік жәрдемақыларды есептеу ерекшеліктері мен зейнетақы аударымдарын төлеу тәртібін және басқа да мәселелерді түсіндіруді өтінді.

***

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Евгений Больгерт Қарағанды облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының, Кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдерімен және жастармен кездесті. Сенатор кездесу барысында бизнестің құқықтары мен мүддесін қорғау, кәсіпкерлік саласындағы инновациялық жобаларды іске асыруға қолдау жасау, этностардың тарихи шыққан елдерінен Қазақстанға инвестиция мен технология тарту жөніндегі ұсыныстарды тыңдады. Евгений Больгерт сонымен қатар VIII шақырылымдағы ҚР Парламенті Сенатының бірінші сессиясының қорытындылары туралы да айтты. Депутат сонымен қатар неміс мәдени орталығында болып, неміс жастар клубының қызметкерлерімен және өкілдерімен кездесті.

***

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрия Ниязова, Закиржан Кузиев және Жанна Асанова республикалық және қалалық этномәдени бірлестіктердің, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы қаласындағы қоғамдық құрылымының басшыларымен және активімен кездесті. Сенаторлар қазіргі заманғы білім мен ғылымның сапасы, халықтың әлеуметтік қамсыздандырылуы мен денсаулығы, этномәдени бірлестіктердің қызметін дамытуға мемлекеттік гранттар бөлу, этносаралық қақтығыстардың алдын алу, ақпараттық қауіпсіздік және т.б. мәселелерді этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен бірге талқылады.


***

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов Қызылорда облысындағы Сырдария ауданының тұрғындарымен кездесті. Депутат сапар барысында өңірдегі бірқатар елді мекендерінде болып, жерлестерімен жүздесті. Сапар аясындағы барлық кездесулер мен шаралар барысында елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар, Парламент қабылдаған заңдар мен Президенттің бастамасы бойынша қабылданған шаралар туралы жан-жақты пікір алмасылды.


***

Сенатор Сұлтан Дүйсембинов Талғар ауданында болған кезде бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады және тұрғындарымен кездесу өткізді.

Сенатор Талғар қаласындағы 136 бала тәрбиеленетін және 18 тәрбиеші жұмыс істеп келе жатқан №8 балабақшада болды. 1964 жылы салынған бұл балабақшада әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары жасалмағаны туралы депутат хабардар етілді. Сенатор сапар барысында жылыжай жұмысымен де танысты. Депутат бұл нысанның жұмысы өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізетінін атап өтті.


***

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов Қарағанды облысында болып, жергілікті тұрғындармен, мәслихат депутаттарымен және сайлаушылармен кездесті. Жүздесу барысында сенаторға орман алқаптарында, елді мекендерде және облыстың далалық аймақтарында өртке қарсы қауіпсіздікті ұйымдастыру жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндалды. Сондай-ақ өрт сөндіру бөлімдерінің жаңа пункттері мен олардың жабдықталу деңгейі таныстырылды. Депутат сонымен қатар Қарағанды облысы әкімдігі жанындағы аумақтық қорғаныс жөніндегі әскери бөлімде де болды. Сергей Ершов әскердің орналасқан жерін көріп, әскери қызметшілермен әңгімелесті және осы бөлімнің қызметімен танысты.


***

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Геннадий Шиповских және Закиржан Кузиев Алматы облысында болды. Депутаттар Қонаев қаласына сапар барысында суару жүйесін жаңғырту жөніндегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, су пайдаланушы шаруашылықтардың өкілдерімен кездесті. Су пайдалану шаруашылықтарының өкілдерімен кездесу барысында сенаторлар сумен жабдықтауға, су жинау құрылыстарындағы санитарлық-қорғау аймақтарын күтіп ұстауға, су шаруашылығы объектілерін тазалауға және күрделі жөндеуге байланысты өзекті мәселелерді талқылады. Сенаторлар Іле ауданында Қараой ауылдық округіне тиесілі «Шала» және «Құралас» арналарының жай-күйімен және Ащыбұлақ ауылдық округіндегі тазарту құрылысының барысымен танысып, су пайдалану шаруашылықтарының өкілдерімен кездесті.

***

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек өңірге сапар барысында Сауран және Отырар аудандарында болды. Тұрғындармен кездесуде құбырмен келетін судың жоқтығы, көпсалалы аурухана салу қажеттігі, ауылдық округтерде жер қойнауын заңсыз пайдалану және басқа да маңызды мәселелер көтерілді. Депутат Әли Бектаев барлық айтылған ұсыныстарға жеке тоқталып, сенаторлар алдағы сессия барысында осы мәселелерді шешуге ықпал ететінін атап өтті. Сенаторлар Отырар ауданының Талапты елді мекеніндегі сайлаушылармен кездесуде VIII шақырылымның бірінші сессиясы барысында Сенат мақұлдаған заң шығару қызметі мен заңдар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.Депутаттар кездесулерді қорытындылай келіп, ұсынылған әрбір ұсыныстың маңызына тоқталды және олардың кезең-кезеңімен шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.