Сенаторларға мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі заң жобасы таныстырылды
АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс мақұлдаған аталған заң жобасы мемлекеттік қызметке кірудің тиімді әрі айқын тетіктерін, бағалау және мансаптық жоспарлау жүйесін енгізу, басқарушылық корпусын құру секілді мәселелерді қамтиды. Сондай-ақ, құжат кадр қызметтерінің рөлін арттырып, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу мен ынталандыру шараларын, қызмет этикасын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жетілдіру арқылы мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен тиімділігін арттыруға бағытталады.
Сонымен бірге заң жобасында мемлекеттік органдардың жұмысында сабақтастықты қамтамасыз ету және жаңа қызметкерлердің бейімделуі үшін тәлімділік институтын енгізу нормалары да қамтылған. Бұдан бөлек облыстарда, қалалар мен аудандарда бірыңғай кадр қызметтерін конкурстық аттестаттау және тәртіптік комиссияларды құру ұсынылады. Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын сақтауы бойынша және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттері жөніндегі міндеттерін көздеу белгіленеді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «командалық көшуге» барынша тосқауыл қою тетіктері қамтылып отыр.
Заң жобасының негізгі басымдықтарына келетін болсақ, онда кадрларды іріктеу мен жоғарылату кезінде меритократия қағидатын күшейту, «А» басқарушылық корпусын құру, персоналды басқару институттары мен механизмдерін жетілдіру, кадр қызметінің рөлін арттыру, сондай-ақ тәртіптік және этикалық бақылауды күшейту нормалары енгізіліп отыр. Бұл мақсатта заң жобасымен конкурстық іріктеуге байланыссыз, іріктеудің дербес кезеңі ретінде тестілеуден өткізу қарастырылған. Бұл мемлекеттік органдардың конкурстық рәсімдерін өткізу уақытын неғұрлым қысқартуға (50-60 күннен 15-20 күнге) мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, алғашқы рет заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс Кодексін және жемқорлыққа қарсы нормаларды қосатын қызметтік этика жөнінде бөлек тарау енгізілген.