Сенатта «100 мектеп құрылысы» жобасын талқылау жөніндегі «Өңір» депутаттық тобының отырысы болды
АНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат - Парламент Сенатында жоғарғы палатаның төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «100 мектеп құрылысы» жобасын іске асыру мәселесін талқылау жөніндегі «Өңір» депутаттық тобының отырысы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырысқа қатысушылар алдында сөз алған Қ.Тоқаев қазіргі кезеңдегі елдің бәсекеге қабілетті болуының бір көрсеткіші - адам капиталын дамыту екенін атап өте келіп, Сенат жанындағы «Өңір» депутаттық тобының бүгінгі отырысының тақырыбы өте маңызды және оның әлеуметтік мәні зор екеніне тоқталды.
Сондықтан білім мен ғылым ұлттық мазмұнға, адамгершілік құндылықтарға, әлеуметтік жауапкершілікке негізделуі тиіс және олардың жасампаз күшке айналуы қажет екені айтылды.
«Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жаңа технология үлесіне жалпы ішкі өнім өсімінің 85 пайызға дейінгі үлесі тиеді. Сондықтан бүгін күн тәртібінде еліміздің «білім экономикасына» көшу мәселесі тұр. Бұл Қазақстан үшін дамыған елдердің көлеңкесінде қалып қоймаудың бірден-бір тәсілі», - деді төраға.
Қазақстанда барлық азаматтардың білім беру саласындағы құқықтары заңдық тұрғыда қамтамасыз етілген. Біздің еліміз қазіргі кезде білім беру, адам және бала құқықтарын қорғау саласындағы негізгі халықаралық құжаттарға қатысады.
Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХІІ съезінде алдағы 10 жыл ішінде білім беру саласын қаржыландыру 8,5 есеге ұлғаятындығын атап өтті. Жылдан жылға «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқитындар саны көбейіп келеді. Білім мен ғылымға арналған бюджет қаражаты өсуде, сондай-ақ мемлекет тарапынан басқа да көптеген іс-шаралар жүзеге асуда.
Жаңа мектептер пайдалануға берілді, оқушы орындарының тапшылығы қысқаруда. Мұғалімдер мен тәрбиешілердің еңбекақысы, студенттердің стипендиясы айтарлықтай өсті.
Білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты заңнамалық тұрғыда қолдау мәселелеріне қатысты Қ.Тоқаев Парламент елдің үш жылдық бюджетін бекіткенін, онда әлеуметтік саланың шығыстары айтарлықтай ұлғайғанын атап өтті. Мәселен, білім беру саласының шығыстары: 2009 жылы - 223 миллиардқа жуық теңгені құрайды.
Жұмыспен қамту стратегиясының жалпы бюджетінен 168 миллиард теңге әлеуметтік маңызы бар нысандарды, оның ішінде мектептерді жөндеуге бағытталған.
«Білім беру саласының ахуалында оң көріністер бола тұрса да оны жақсарту қажеттігі түсінікті. Осы проблемалардың барлығы өз шешімін табуға тиіс және атқарушы билік өкілдерінің де, парламентшілердің де назарында болуы керек.
Бүгінде білім саласындағы заңнаманы одан әрі дамыту мақсатында жаңа заң жобаларын әзірлеп, қабылдау қажет», - деді Қ.Тоқаев. - Парламент Сенатының «Өңір» депутаттық тобының отырысында «Мектепке дейінгі тәрбие туралы», «Мұғалімнің мәртебесі туралы», «Білім берудің мемлекеттік стандарты туралы» және «Ғылым туралы» заң жобаларын биылғы күзде арнайы талқылаған жөн болар еді.
Отырыста «100 мектеп құрылысы» жобасын одан әрі жүзеге асыруға қатысты депутаттардың сауалдарына Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев пен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Б.Сұлтанов жауап берді.
Депутаттық құрылымның жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы С. Громов, Астана қаласы әкімінің орынбасары А.Рахымжанов қатысып, сөз сөйледі.
Талқылау нәтижесі бойынша тиісті ұсынымдар қабылданды және осы тақырыпқа байланысты еліміздің Премьер-Министрі К.Мәсімовке депутаттық сауал жолданды.