Сенатта 2023 жылға арналған республикалық бюджетке түзетулер қабылданды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, биылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері келесідей қалыптасты, яғни бюджет түсімдері 1,5 трлн теңгеге ұлғая отырып,

19,3 трлн теңгені құрамақ. Тапшылық Жалпы ішкі өнімге қарағанда 2,7% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің шығыстары 22,5 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.

Жалпы шығыстардың қосымша ұлғаюы 2,2 трлн теңге шамасында болды және келесі басым бағыттарды қамтиды:

Біріншіден, Мемлекет басшысының Жолдауы мен Сайлауалды бағдарламасы аясында айтылған бастамаларды, сондай-ақ өңірлерге жұмыс сапарлары кезіндегі тапсырмаларды іске асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлінбек.

«Бұл тұрғыда өңірлерді қолдауға, ауыл шаруашылығын, көлік инфрақұрылымын және өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамытуға, әлеуметтік саланың жекелеген бағыттарына арналған шығыстар қамтылды», - деді министр.

Бұл бағыт аясында жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау, электр энергетикасын дамытуға 144 млрд теңге жұмсалады. Ал қорғаныс және азаматтық қорғауды қамтамасыз ету, оның ішінде өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 126 млрд теңге бағытталмақ. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу үшін қарыздар мен тұрғын үй жинақ салымдары бойынша сыйлықақылар беруге 92 млрд теңге қарастырылады.

«Екіншіден, басқа да бірқатар маңызды міндеттерді іске асыруға 186 млрд теңге бағытталады. Бюджетті қайта қарау нәтижесінде экономиканың нақты секторы мен өңірлерді қолдауға ерекше мән берілді. Мұны шығыстардың құрылымының өзгеруінен байқауға болады. Атап айтсақ, экономиканың нақты секторын қолдауға қосымша 1,3 трлн теңге көзделген. Осы орайда шығыстардың жалпы көлеміндегі бұл бағыттың үлесі 5,3 пайызға артты. Нәтижесінде аталған салаға арналған шығыстар

3,5 трлн теңге немесе жалпы шығыстардың 15,6% мөлшерінде жоспарланып отыр. Бұл орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер ететін болады», - деді Е. Жамаубаев.

Мұнымен қоса, әлеуметтік саланың шығыстары 298 млрд теңгеге өсті және 8,5 трлн теңге сомасында жоспарланды немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 37,5 пайызын құрап отыр. Қаражат «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға, мектепке дейінгі білім беру мекемелері педагогтерінің жалақысын көтеруге және колледж студенттердің стипендияларын ұлғайтуға, әлеуметтік төлемдердің, жәрдемақылардың мөлшерлерін арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағытталады.

Бұдан бөлек, күш құрылымы шығыстары 317 млрд теңгеге өсіп, 2,5 трлн теңге сомасында жоспарланған.

«Нақтылау кезінде биыл өңірлерге республикалық бюджеттен 7,2 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 32% бағытталады», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов 8 ай қатарынан теріс көрсеткіште болған іскерлік белсенділік оңала бастағанын айтты.


Соңғы жаңалықтар
telegram referendum